Бұл туралы Алматының мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин төтенше жағдай кезіндегі діни іс-шараларды ұйымдастыру тәртібі туралы онлайн брифингте мәлімдеді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралып кетпеуі үшін карантин кезінде тарауық намазы мешіттерімізде жамағатпен бірге оқылмайтынын мәлімдеді. Біз баршаның амандығы үшін жасалып отырған бұл қадамды толығымен құптаймыз. Сондықтан тарауық намазын өз шаңырағыңызда, отбасы мүшелерімен оқуға кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індеттің жолын кесеміз, – деді Жандарбек Бекшин.
Бас санитар дәрігер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қауіпті індеттің таралып кетпеуі мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда, тағы да басқа мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтатуы керегін айтты.
Рамазан айы келісімен көбіміз ауызашар беруге асығамыз. Ауызашар беру – мұсылман қауымы үшін маңызы зор сауапты істердің бірі. Дегенмен біз үйге де адамдардың басын қосып, ауызашар беруге үзілді-кесілді қарсымыз. Қасиетті ай кезінде мұсылман бауырлар өзінің ағайын-туысына, достарына, таныстарына ауызашар беру парызын орындағысы келсе, ас мәзірін үйлеріне жеткізіп беруіне болады. Ол үшін азық-түлік өнімдері сапалы, таза, міндетті түрде оралып, қапталған болуы керек және тасымалдау үшін қаладағы клининг компаниялар қызметін пайдаланған абзал. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға да осындай жолмен көмек қолын созуға болады, – деді Жандарбек Бекшин.
Қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері намаз кезінде де, ауызашар уақытында да жеке бастың санитар-гигиена тазалығын қатаң сақтауды ескертті.
Рамазан айында жамағаттың кез келген сауалына дер кезінде жауап беру үшін «33-30-30» нөмірлі call-орталық ашылған. Бұл орталыққа Нұр-Сұлтан коды арқылы қоңырау соғуға болады. Сall-орталықта дін саласының білікті мамандары сұрақтарға тәулік бойы қазақ және орыс тілінде жауап береді.