Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин, Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевпен бірлесіп, видеоконференция-байланыс режимінде жұқпалы аурулар стационарлары, провизор госпитальдар және карантин бөлімшелері орналасқан емханалардың бас дәрігерлерімен жиналыс өткізді.
Жиында дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және коронавирус инфекциясының жұқтырмау бойынша қабылданған шаралар пысықталды.
Кездесудің басты мақсаты — қазіргі жағдайды бағамдай отырып, дәрігерлердің қауіпті індетке шалдықпауы үшін тиісті шараларды күшейту, – деп атап өтті Ержан Бабақұмаров.
Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров медицина қызметкерлерін жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету, олардың берілуі мен дұрыс тағылуын, эпидемиология нормаларын сақтауды жіті қадағалау міндетін қойды. Ол үшін әрбір медицина ұйымында жауапты қызметкер тағайындалған.
Инфекция стационарларының ішін «таза» және «жұмысшы» (инфекция жұқтырғандар) аймақтарына бөлуге ерекше назар аударылған. Бұл әдіс COVID-19 пандемиясын жұқтырғандар және катаралды белгілері бар басқа науқастармен байланыста болған жандармен қарым-қатынас орнатпау үшін жасалған. Ауруханалардың бас дәрігерлеріне келуші науқастар легін бөлуді дұрыс жолға қою міндеттелді.
Аймақтарға бөлу — маңызды мәселе. Фильтрлардың жұмысы, науқастарды қабылдап, оларды тиісті бөлімшелерге орналастыру, персоналдың жұмысы, «таза» және «жұмысшы» (инфекция жұқтырғандар) аймақтарында кезекші дәрігерлердің ауысымы кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау да маңызды, – деді Ержан Бабақұмаров.
Кадр ресурстарын жоспарлау және басқару, медициналық резервті және дәрігерлер бригадаларының ауысымдарын дайындау бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.
Бұған қоса, коронавирусқа қарсы іс-қимылға жұмылдырылған дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне төлемдерді жүзеге асырудың ашықтығын қамтамасыз ету тапсырылды. Қазіргі уақытта Алматыда қаржылық қолдауды ұйымдастыру бойынша комиссия жұмыс істейді. Тәуекел тобындағыларға төленетін үстемеақыны комиссия шешеді. Комиссия құрамына Nur Otan партиясының өкілдері, Қоғамдық кеңестің мүшелері де кіреді.
Қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, барлық медицина ұйымдарында инфекция бақылауын сақтауға жауапты госпитальдық эпидемиологтар жұмыс істейді. Жандарбек Бекшин бас дәрігерлердің мекеме аумағында бетперде тағу режимін қатаң сақтауы керек екенін айтты.
Жиында коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша медицина ұйымдарының бас дәрігерлерінің есептері тыңдалды.
Конференцияда №7 клиникалық аурухананың бас дәрігері Манас Рамазанов, №11 емханадан Майра Жүнісова, Орталық қалалық клиникалық ауруханадан Марат Абдуллаев, клиникалық және жұқпалы аурулар ауруханасынан Айгүл Абдрахманова, №1 көпсалалы медициналық орталықтан Ж. Сәпиев, №3 көпсалалы медициналық орталықтан Э. Қалиев, №32 емханадан А. Қажыбаев, №12 емханадан Рашид Сүлейменов, жедел медициналық жәрдем стансасынан А. Әменов, балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ж. Ешібекова баяндама жасады.