Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Бозащы бөлімінің инспекторлары Түпқараған ауданындағы Қаражанбас кен орнына жақын маңнан Каспий итбалығының күшігі — төрт ақүрпекті тапқан. Форт-Шевченкода да Каспий маңынан бір бас ақүрпек табылды.
Еті мықты бүлініп кеткеніне қарап, су жануарлары күз мезгілінде өлгені анықталып отыр. Ұлпасы әбден бұзылғандықтан сынама алу мүмкін болмады. Теңіз жағасынан басқа итбалық табылмады. Итбалықтардың денесі белгіленген тәртіппен залалсыздандырылды. Облыстық инспекцияның мемлекеттік инспекторлары жағдайды тұрақты бақылап жатыр, — деп хабарлады Сәкен Ділдахмет.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы сонымен бірге Ақтөбе облысындағы Жекесай суқоймасында балық жаппай қырылғанын хабарлады.
Темір ауданының орталығынан 12 шақырымдағы бұл суқойма — тоғанға айналған сай, су толы жыраның ұзындығы — 120 метр, ені — 30 метр, тереңдігі — 1 метр. Ол балық өсірілетін суқойма емес. Тоған жағасынан бұзылып кеткен 300-дей мөңке балығы табылған. Тұрғындар балықтың жаппай қырылғанын мұз ери бастаған кезде байқапты. Мамандар жергілікті халықпен бірге жалпы салмағы 400 келі болатын қырылған балықты жинап, жойған. Судан алынған сынаманың алдын ала қорытындысына қарағанда балық оттегі тапшылығынан қырылуы мүмкін.