Басты бетЖаңалықтарАлматыда коронавирустан...

Алматыда коронавирустан екі адам қайтыс болды

Қазақстанда инфекциядан қайтыс болғандар саны 19-ға жетті.

Алматыда коронавирус инфекциясынан екі науқас көз жұмды. Олар 1958 және 1931 жылы дүниеге келген, — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Алматы қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, екі науқас та ауыр халде болған. 1958 жылы туған ер адамның коронавирус инфекциясымен бірге «жіті бүлінген панкреатит», «ауыр дәрежелі қаназдық», «артерия гипертониясы» деген диагноздары болған. 1931 жылы туған әйел жүректің ишемия ауруы, артерия гипертензиясы, дисциркулятор энцефалопатия сияқты аурулармен ауырған.

Алматыда осымен бесінші науқас қайтыс болды.

Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 1 711-ге жетті. Ауру жұқтыру көрсеткіші жөнінен Алматы республика бойынша алда тұр — 524 жағдай. Аурудан 401 адам айықты, 19 адам қайтыс болды.