Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ компаниясында болды. Кәсіпорынның атқарып отырған қызметі және теңгеріміндегі 9 834,74 шақырым электр желісі мен қосалқы 1812 станцияның жай-күйімен танысты.
Биыл жүзеге асатын қайта қалпына келтіру жұмыстарына облыс бюджетінен 166 миллион теңге қаралған. Жоспар бойынша аймақта 52,69 шақырым электр желісі мен қосалқы 14 станция жаңартылуға тиіс.
2020-2021 жылғы жылу беру маусымына дейін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда облыстың электр энергиясын тұтыну көлемі — 98 МВт. Оның 62,3 МВт (63,6%) сыртқы энергия көздерінен, 35,7 МВт (36,4%) «Қызылорда жылуэлектрорталығы» МКК мен «СКЗ-U» ЖШС өндіріледі», – деді «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ компаниясының басқарма төрағасы Мұхиджан Кәрімбаев.
Гүлшара Әбдіқалықова 1964 жылы пайдалануға берілген «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесінде де болды. Қызылорданы жылу және электр қуатымен қамтамасыз ететін негізгі кәсіпорын жылу беру маусымын аяқтап, келесі жылу беру маусымына дайындықты бастап кетті.
Аймақ басшысына 2019-2020 жылдардағы жылу беру маусымының тұрақты түрде өткені және жаз айларында биылғы жөндеу жұмыстарының жүргізілетіні айтылды. Сондай-ақ кәсіпорынның халықаралық қаржы институттарынан алған несие көлемі жөнінде ақпарат берілді.
Кәсіпорын 2014 жылдың 18 желтоқсанында «Қызылорда қаласының жылумен жабдықтау жүйесін салу және реконструкциялау» жобасын іске асыру мақсатында Еуропалық Қайта Құру және даму банкімен жалпы құны 37,3 миллион АҚШ долларына тең кредиттік шарт жасасты. Жеңілдік кезеңі 3 жыл деп белгіленді. Несиені қайтару кезеңі басталып кетті. 2027 жылға дейін қарызды толық өтеуіміз керек,- деді «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК-ның директоры Р.Нұрмағанбетов.
Кәсіпорынның №1 газотурбина қондырғысын күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Ол үшін облыс бюджетінен 599 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Нысандарды аралау қорытындысында аймақ басшысы жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары кестеден кешікпей орындалып, бөлінген қаражат уақтылы әрі үнемді игерілуі қажет екенін тапсырды.