Басты бетЖаңалықтарАлматыда өрт...

Алматыда өрт сөндірушілердің мотоциклы пайда болады

Қазіргі уақытта Алматыда 15 өрт сөндіру бөлімдері қызмет етеді, олардың қызмет көрсету радиусы 3 шақырым деп белгіленген. Қазір қалада жедел қимылдау нормативтінің уақытына сай болуы үшін тағы да 15 өрт сөндіру бөлімі жетіспейді. Оның үстіне көлік кептелістері де өрт сөндірушілердің оқиға орнына дер кезінде жетуіне қиындық тудырып жатыр. Сол себепті өрт сөндіру мотоциклдерін пайдалану қарастырылып, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қолдауымен қаланың Төтенше жағдайлар департаменті мотоциклет экипажының жобасын ендірді. Бұндай өрт сөндіру мотоциклдері Ресей, БАӘ, Қытай, Грекия, Германия жән Түркияда сәтті қолданылып келеді.

Осы ұсынысты қала басшылығы қолдап, ағымдағы жылы 4 өрт сөндіру мотоциклдерін сатып алуға қаражат бөлінді.

Алматы қаласы ТЖД арнайы тапсырысы бойынша жасалған «ЯВА-660» өрт сөндіру-құтқару мотоциклдері өрт сөндіргіш затты жоғары жылдамдықта беретін арқаға ілінетін импульсті өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған, сондай-ақ сұйықты өрт сөндіргіш, дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету үшін «фельдшерлік» бұйымдар мен құралдар жиынтығы, кесуге және ашуға арналған аралас авариялық-құтқару құралдары бар. Олардың міндеті — оқиға орнына жедел жету, Алматы қаласы ТЖД негізгі күштері келгенге дейін өртті оқшаулау.

Бүгінгі күні 18 өрт сөндіруші маман экстремалды жүргізу бойынша даярлықтан өтіп, сертификат алды. Өрт сөндіру-құтқару мотоциклдерін ендірудің тиімділігін алматылық құтқарушылар жауынгерлік кезекшіліктерде қолдану шамасы бойынша бағалай алады деп жоспарланып отыр.

ДереккөзҚазАқпарат