Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев әскерилердің қазіргі басты міндетін айтты

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Жоғарғы бас қолбасшыға еліміздегі әскери қызметін өтеуге міндетті азаматтарды арнайы жиынға шақыру барысы, әскери қызметшілердің коронавирус пандемиясына қарсы күрестегі техникалық және жауынгерлік жабдықталуы туралы баяндады.

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов қалаға азық-түлік, медициналық қорғаныс құралдарын жеткізу, қалада дезинфекция жүргізу, қосымша жұқпалы аурулар ауруханасын салу туралы есеп берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев дезинфекциялау жұмысына ерекше мән беруді тапсырды.

Нысандарды күзету, көшедегі тәртіпті сақтау аса маңызды міндет екені түсінікті. Дегенмен қазіргі жағдайда басты міндет — дезинфекция жасау. Бұл — өте қауіпті вирус. Сондықтан дезинфекция жасамаса, ешқандай оң нәтиже болмайды, — деді Президент.

Мемлекет басшысы астана тұрғындары төтенше жағдай режимінің барлық талабын бұлжытпай орындауы қажет екенін айтты.

Шағын бизнесті шығарамыз деп жатырмыз. Қала тұрғындары карантин режимін міндетті түрде сақтауы керек. Онсыз болмайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент әлеуметтік міндеттемелерді орындау және медицина қызметкерлеріне сыйақы төлеу маңызды екенін айтты. Ол қазір салынып жатқан жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысын 2 аптада бітіруді, бірақ құрылыс сапасына ерекше мән беруді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға шақырылған әскери қызметшілерге алғыс айтты.

Сіздер өте маңызды іс атқарып жатсыздар. Бұл — нағыз патриотизмнің көрінісі. Қазір  адамдар патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік туралы көп айтады, бірақ нақты іске келгенде бұғып қалады. Ал сіздер еліміз, Отанымыз үшін өз еркіңізбен осында қызмет етуге келіп отырсыздар. Сондықтан баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын, — деді Жоғарғы бас қолбасшы.

Президент халық қазіргі қиындықты еңсеретініне сенім білдірді.

Қазіргі жағдай өте қиын, бірақ бәріміз бір ұлт, бір халық болып осы қиындықты жеңіп шығатынымызға ешқандай күмәнім жоқ. Бәрі жақсы болады. Біз ең әуелі қарапайым халыққа көмек беріп жатырмыз. Бюджеттен, Ұлттық қордан қыруар қаржы бөлінді. Алдымызда тұрған ең басты мақсат — қарапайым халықты колдау. Халықсыз ешқандай экономика болмайды. Сондықтан патриотизм деген бұл қасиетті ұғымды нақты іспен дәлелдеу керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.