— Димаш, шетел әдебиетінің балалар мен жасөспірімдерге оқуға болатын үш шығармасын қазақ тіліне аудардыңыз. Әр шығармаға жеке-жеке тоқталсаңыз. Олар не туралы?

— Рей Бредберидің «Күн күркіреді» шығармасы — болашақ адамдарының динозаврлар дәуіріне жасаған саяхаты туралы әңгіме. Автор еңбегінде өткен шақта болған әлдебір елеусіз оқиғаның мыңдаған жыл өткен соң болашақты қалай өзгертіп жіберуі мүмкін екенін көрсетеді.

Кен Людің «Қағаз аңдар қонысы» кітабы — әкесі АҚШ-тан, шешесі қытай ұлтынан шыққан кейіпкердің азамат ретінде қалыптасуы туралы еңбек. Онда бала өз арманына жету үшін нағашы жұртының құндылығы мен қасиеттерінен айырылып, соның кесірінен анасымен арасы қалай суып кеткені баяндалады. Меніңше, бұл — әсерлі дүние.

Ресейдің фантаст жазушысы Майк Гелприннің «Шырақ жанып тұрды» әңгімесінде де болашақ суреттеледі. Технология дамыған соң әдебиет, тарих, география сияқты гуманитар пәндерге сұраныс азаяды. Ақыры мұндай білім ешкімге қажет болмай қалады. Әңгімеде осындай жағдайда өмір сүріп жатқан мұғалім Андрей Петровичтің күтпеген оқиғаға тап болғаны баяндалады.

Димаш Зияди6 аударма
Рей Бредберидің «Күн күркіреді» әңгімесі. Фото: Sciencefiction.com

Жалпы, адамға кез келген кітап тәжірибе береді ғой. Қандай да бір пайдалы ой, құнды ақпараты болмаса да, жай ғана қызық, шытырман оқиғаға толы еңбектің өзі оқырманға сол оқиғаны бастан кештіргендей әсер береді. Меніңше, бұл да адамның миында жаңа нейрон байланыстарының пайда болуына ықпал етеді.

«Мына шығарма мынаған үйретеді» деп біржақты айтудан аулақпын, себебі әр адам әңгімеден не алатынын  өзі шешеді. Мысалы, мен Кен Людің «Қағаз аңдар қонысынан» бір адамның трагедиясын, әлдебір мұңын көрдім, ал басқа оқырман түп-тамырынан, ата дәстүрі мен әже ғұрпынан айырылған адамның болашағы туралы пікір айтуы мүмкін. Сондықтан әрбір оқырман, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер де кітаптан өзіне керегін түйеді деп ойлаймын.

— Тәржімаға шетел әдебиетіндегі шығармаларды қалай таңдайсыз?

— Осы уақытқа дейін он шақты шығарма аудардым, бірақ көбі ересек адамға арналған деуге келеді. Бірнешеуін ғана жасөспірімдер оқи алады деген долбарым бар. Басқа аудармаларым да 18 жасқа толмағандарға жарап қалатын шығар, бірақ оны бөлек қарастыру керек. Шығарма таңдауда критерийім жоқ, себебі белгілі бір тапсырыспен жұмыс істемеймін. Таза субъектив көзқарас деңгейінде таңдау жасаймын. Ең бастысы — маған әсер еткен дүние болуы керек.

Негізі шығармаларды жалғыз аударамын. Тәржіма біткен соң анамнан оқып, тексеріп шығуды сұраймын. Аудармаға әртүрлі уақыт кетеді. Ол шығарманың көлеміне, бос уақытым болған-болмағанына байланысты. Себебі аударма ісімен әуесқой деңгейде, жұмыстан тыс, таза энтузиазммен айналысып жүрмін.

Димаш Зиядин, аударма
Кен Людің «Қағаз аңдар қонысы» әңгімесі. Фото: Note.com

— Аудармашы Саят Мұхамедияр «Шетел әдебиетінде қазақы мәдениет, менталитет болмаған соң оны қазақ тіліне аудару қиын» деген еді. Сізде қандай қиындық болды?

— Мен бұл пікірмен келіспеймін, себебі қазақ тілі мен қазақ мәдениеті һәм менталитетін ажырата білу керек. Бұл нәрсе — екі бөлек дүние. Тіл — әмбебап құрал, яғни ағылшын немесе испан тілінде жазылған мәтінді мағынасын өзгертпей, канвасын сақтап қазақша да беруге болады. Әрине, ыңғайы келіп тұрса, оған қазақы сипат қосып жіберудің сөкеті жоқ, бірақ аса абай болу керек.

Аударманың мақсаты — түпнұсқа шығарманың иісін, дәмін, табиғатын, болмысын жеткізу. Бұл болмаса, кейіпкерлерге қазақша шапан кигізіп қоюды пайдасыз әрекет деп білемін.

— Ресейдің жоғары класс оқушылары тапсыратын бірыңғай мемлекеттік емтиханда Майк Гелприннің «Шырақ жанып тұрды» әңгімесі бойынша да сұрақтар келеді екен. Сіздіңше, бұл шығарманың Қазақстанның оқушыларына да пайдасы бар ма?

— Иә, пайдасы бар деп есептеймін. «Күштінің арты диірмен тартады» деген сөз бар. Қазір әлемнің байлығы мен шайлығынан цифр технологиялар басты үміткер болып отыр. Менеджмент мамандықтары гуманитар ілімді кейінге ысыра бастағаны рас, тіпті «филолог я кітапханашы — тиын-тебен алып, байғұстың өмірін сүретін, өз ісінің жанкүйері болған соң немесе басқа амалы қалмаған соң жүрген адам» деген таптаурын пікір бар. Бұл шығарма сол көзқарасты жоюға көмектеседі. Адамның табиғатын, табиғаттағы түрлі құбылысты түсінуге, қолмен ұстап, көзбен көруге болмайтын процестерді ұғуға гуманитар пәндердің үлесі шексіз.

— Оқырман аудармаларыңызды қайдан оқи алады?

— Әдетте аудармаларымды Ziyadin.wordpress.com блогыма жариялап тұрамын. Қазір Стивен Кингтің үш шығармасын, Джордж Мартиннің әңгімесін қатар аударып жатырмын. Сонымен бірге ғылыми фантастика бағытындағы культке айналған дүниелерді қазақшаласам деген ойым бар.