Қымбатты достар,
Мен осы сөзімді әріптестеріме: барлық деңгейдегі медицина қызметкерлеріне, дәрігерлерге, медбикелерге, санитарларға, медицина ұйымдарының басшыларына, санитария қызметі мамандарына, университеттер мен ғылыми орталықтардың қызметкерлеріне — қаңтар айынан бері тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеп жатқандардың бәріне арнаймын.
Мен бәрін түсінемін, көбіміз қатты шаршадық, эмоциялық тұрғыдан да жеңіл тиіп жатқан жоқ. Көбіңіз үйге барып, балаларыңызды құшақтап, жанында бола алмай жүрсіздер. Баршаңызға қазіргі жағдай қорқынышты, ренжіп жүргендеріңіз де бар. Арамызда вирусты жұқтырып алған мамандар да бар.
Соған қарамастан сіздер күн сайын ерте тұрып, жұмыс істеуге барып жүрсіздер, адамдарды емдеп, олардың өмірін сақтауға күш-жігер жұмсап жүрсіздер.
Сіздер адамдарды ақша үшін емес, даңқ үшін емес, жұмыс, міндеттеріңіз осы болғандықтан емдеп жатсыздар, бұдан басқа амал жоқ. Мен сіздерді мақтан тұтамын!
Мен сіздерді сөзбен емес, іспен қолдап жатқан отандастарымызды мақтан тұтамын, олар: қарт адамдарға тамақ пен дәрі-дәрмек жеткізіп, маска тігіп, қажет жүгі бар ұшақтардың ақысын төлеп, үйден онлайн концерт беріп, тіпті үйде карантинде отырып қолдау көрсетіп жатыр.
Өкінішке қарай, қазір псевдоэксперттер, карантинде іші пысып жатқан «мамандар» мен диван сыншылары да көбейді. Олар әлеуметтік желілер мен жаңалық ленталарына «қоқыс» ақпарат шығарып, түсініксіз сараптама, орынсыз болжам жасап, қисынсыз ұсыныс айтып жатыр.
Сіздерден шыдамды болып, бәріне түсіністікпен, кәсіпқой көзқараспен қарауды өтінемін. Бәрін көңілге алмаңыздар…
Қазір ең қиын күндер басталды. Қазір бізден төзім мен нақты кәсіби іс-әрекет талап етіліп отыр. Қазір біз жұмысқа ден қоюымыз керек. Ескі өкпе-реніш пен жанжалды ойлайтын кез емес. Біз індет басылғанда бәрін шешеміз, ол үшін қолымыздан келгенді істейміз.
Уақыт өтеді, эпидемия да өтеді. Ол туралы кітап жазылып, фильм түсіріледі… көп нәрсе ұмытылады.
Бірақ СІЗДЕР сол кезде ауруханада күн демей, түн демей, апта демей жұмыс істеген тап СІЗДЕР екенін білесіздер. СІЗДЕР нағыз батырсыздар.
Біз бұл вирусты жеңеміз деп сенемін.
Оны біздің кәсіпқойлығымыз, ғылымымыз бен мамандығымыз жеңеді!
Абай болыңыздар!