Елімізде төтенше жағдай жарияланып, мектептер мен университеттер қашықтан оқытуға тез арада көшуге мәжбүр болды. Орта мектеп бағдарламасы бойынша мемлекеттік телеарналар, Қазақ радиосы арқылы сабақтар өткізіліп, ҚР Білім және ғылым министрлігі қашықтан оқытудың нәтижелі әдістерін белсенді түрде қолданып жатыр.

Қашықтықтан оқыту жүйесі әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде  де  іске қосылды.

Дүниежүзіндегі, әсіресе Еуропа мемлекеттерінде қашықтан білім беру технологиялары әлдеқайда алға кетіп қалғаны белгілі. Ал Қазақстанда онлайн білім беруге кейінгі жылдары ғана көңіл бөлініп келе жатыр.

Ірі жоғары оқу орындары қашықтан оқытуға  бейімделгенімен колледждер мен өңір университеттерінде білім беру платформалары әлі күнге дейін қолға алынбағаны мәлім болды.  Барлық ЖОО жаппай  шетелдің ZOOM платформасын пайдалануға көшті. Интернетке түскен салмақтан жүйеге кіре алмай, уақыт кетіргендер болды. Кейін бұл бірқалыпты ырғаққа көшті. Дегенмен қашықтан оқыту білім деңгейін түсіретініне көз жеткендей болды.

Аудиториямен бетпе-бет сұхбаттаса отырып, дәріс өткізудің жөні бөлек. Әрине, классикалық оқу үрдісінің бұзылуы ел басына түскен ауыр жағдайдың салдары екені мәлім. Қашықтан білім беруге  ерікті түрде келу бір басқа да, мәжбүрлі түрде оқыту бір басқа. Сондықтан Білім және ғылым министрлігінің мұндай жағдайда оқу процесін ұйымдастыруын жанкештілік деп айтуға болады.

Дегенмен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша қаражатты дұрыс игеріп, елді мекендерге де арнайы көңіл бөлінген жағдайда студенттердің интернет іздеп, тауға шығуы, адамдардың компьютер таба алмай, сандалуы төбеден жай түскенмен бірдей болмас еді. «Цифрлық Қазақстанды» дұрыс іске асыру күн тәртібіндегі мәселе екенін өмірдің өзі көрсетіп берді.

Клара Қабылғазина,
әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры