Жұлдыз Нағиева мен Бауыржан Көшербаев 4 жыл бірге жүргеннен кейін отбасын құрмақ болған. Қыз бен жігіттің ата-анасы желтоқсанда бір-бірін тәтті шайға шақырып, той күнін белгілеген. Мейрамхана таңдап, қонақ шақырып қойған. Бірақ еліміздегі төтенше жағдай режиміне байланысты жоспар бұзылды.

той,карантин
Жұлдыз Нағиева мен Бауыржан Көшербаев

Жұлдыздың ұзату тойы 18 сәуірде, үйлену тойымыз 26 мамырда өтуі керек еді. Өмірімізде бір-ақ рет болатын кешке ерекше дайындалғанбыз. Карантинге байланысты жоспарымыз ойдағыдай болмады. Екі тойдың күнін кейінге қалдыруға тура келді. Енді тойымыз қашан болатынын білмейміз. Қазір мен Үшқоңырда, болашақ жарым Шымкентте, — дейді Бауыржан.

Дегенмен Бауыржан мен Жұлдыз төтенше жағдайды түсініп отыр. Олар той емес, адамдардың амандығы маңызды деп есептейді.

Жанерке Қалбергенова мен Шыңғыс Әлімбаев үйлену тойын 23 наурызға жоспарлаған. Елде төтенше жағдай жарияланғанда той өтуі керек мейрамхана иесіне бірнеше рет хабарласқан, ол «әзірше алаңдамауға болатынын» айтқан. 17 наурызда мейрамхана меңгерушісі хабарласып, тойды басқа күнге ауыстыруды сұрапты.

той,карантин
Жанерке Қалбергенова мен Шыңғыс Әлімбаев

Негізі біз тойымыз сенбі немесе жексенбіде болғанын қалаймыз. Бірақ мейрамхана иесі маусымның бос күніне ғана қоя алатынын айтты. «Келіспесеңіз, тойыңызды басқа мейрамханада жасаңыз, бірақ ақшаңызды қайтармаймыз» деді. Біз мейрамханаға 200 мың теңге төлеп қойған едік. Енді амал жоқ, олардың талабына көнуге мәжбүрміз, — дейді Жанерке.

Арнұр Әбжатов пен Әсел Ерденованың үйлену тойы да 18 сәуірде өтуі керек еді. Жас жұбайлар карантин режимі 15 сәуірде бітеді деп ойлаған, бірақ олай болмады.

Тойымызды шағын түрде үйде жасаймыз деп ойладық. Сол кезде «Үйде де жиналуға болмайды» деген жаңалықты естіп, бұл ойымыздан айныдық. Қазақта қызды жеңгесінен сұрап алу деген салт бар екен. Сол салт бойынша ата-анаммен келіншегімді жеңгесінен сұрап алып кеткіміз де келді, бірақ қазір таксиде екі адам ғана отыра алады, көлігі барлар рұқсат қағазымен ғана жүре алады. Ақыры жалғыз өзім барып, Әселді үйге алып келдім, — дейді Арнұр.

той, карантин
Әсел Ерденова мен Арнұр Әбжатов

Әсел мен Арнұр ата-анасының батасын алып, некелескен. Олардың айтуынша, бақытты болу үшін көп адам шақырып той жасаудың керегі жоқ.