Министрдің мәліметінше, қария «коронавирус инфекциясы» диагнозымен астанадағы көпбейінді медицина орталығының инфекция блогына 22 наурызда түскен. Ауруды бір науқаспен қарым-қатынаста болып жұқтырған. Оған «ауырлық дәрежесі орташа екіжақты полисегментар пневмония», «бірінші дәрежелі тынысалу жеткіліксіздігі», «өкпенің созылмалы обструктив ауруы», «үшінші дәрежелі артерия гипертензиясы, үшінші қауіп», «өзінен-өзі пайда болатын құяң» деген диагноздар да қойылған.
Жүргізілген кешенді емдеуден кейін араға 24 сағат салып, COVID-19-ты анықтау үшін екі зерттеу жүргізілді. Нәтиже расталмады. Қазір ештеңеге шағынбайды. Қазақстан дәрігерлері адамдарды коронавирус инфекциясынан жақсы емдеп жатыр. Дәрігерлеріміз COVID-19-ды анықтау мен одан емдеудің халықаралық клиникалық хаттамасына сай жұмыс істеп жатыр. Көп рақмет! Жарайсыздар! — деп жазды Елжан Біртанов.
Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирустан айыққандардың қатары 110-ға жетті.