Басты бетЖаңалықтарКоронавирустан Шығыс...

Коронавирустан Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны қайтыс болды

Қазақстанда коронавирус салдарынан қайтыс болғандар саны 11-ге жетті.

Шығыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясынан бір адам көз жұмды. Науқас 1979 жылы дүниеге келген, — деп хабарлады Coronavirus2020.kz Telegram-каналы.

Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау саласының басшысы Ілияс Мұхамеджанның «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен хабарлауынша, қайтыс болған адам — Өскемен тұрғыны, әйел адам. Ол 12 сәуірде жедел жәрдеммен аса ауыр жағдайда ауруханаға түскен. ПТР әдісі оның коронавирус инфекциясын жұқтырғанын анықтады. Әйелдің екіжақты ошақты пневмония, сол жақ плеврит, үшінші дәрежелі тынысалу жеткіліксіздігі, уытты миокардит және тағы басқа созылмалы аурулармен ауыратыны анықталды. Сонымен бірге ауруханаға түскен жағдайда оның алкогольден қатты уланғаны белгілі болған.

Нәтиже алынғаннан кейін науқас инфекциядан емдейтін стационарға, қарқынды терапия палатасына ауыстырылды. Науқаспен реаниматологтар бригадасы жұмыс істеді. Кейін өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды, реанимация шаралары жүргізілді. Түнде жүрек қызметі екі рет тоқтады, екі рет реанимация нәтиже берді, бірақ жүрек қызметі қайтадан тоқтаған кезде науқас жүріп кеткені анықталды, — деді Ілияс Мұхамеджан.

Қазір марқұммен байланыс жасаған 13 адам анықталып, оқшауланды. «Хабар 24» телеарнасының өңірдегі меншікті тілшісінің хабарлауынша, әйел адамның екі баласы бар.

Бұған дейін коронавирус құрбандарының ең жасы 50-де болған еді. Қайғылы оқиғалар бүгінге дейін Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте және Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Түркістан облыстарында тіркелді.