Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, дәрігердің шағымы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, прокуратура органдарының, облыс әкімі аппаратының қызметкерлерінен, қоғам және кәсіподақ ұйымдары өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылған. Комиссия аудандық аурухана жұмысын дәрігерлер Толқынай Ордабаева мен Қаламқас Төреқұл жария еткен фактілер бойынша тексерді.
Мәліметтердің көбі расталды. Ұжымда жағымсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқан, оған бірінші кезекте емдеу мекемесі басшылығының өз кәсіби міндетіне жауапсыз қарағаны себеп болған. Жол берілген заңсыздықтар үшін аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Д.Нүсіпбаев, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ж. Шойбекова және бас есепші З. Мұқаева қызметінен босатылды, — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев 11 сәуір күні аурухана ұжымымен және аудан тұрғындарымен кездескен кезде тексерудің нәтижесі құқық қорғау органдарына тапсырылатынын айтты. Ол аурухананың жаңадан тағайындалған бас дәрігері Райқұл Нұржановты таныстырды. Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, Толқынай Ордабаева мен Қаламқас Төреқұлға қандай да бір заңсыз іс-әрекеттен қорқуға негіз жоқ, олар облыс басшылығының тікелей бақылауында болады. Денсаулық сақтау басқармасы басшысы мен аудан әкімінің жеке жауапкершілігін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қарамақ.
Меркі аудандық ауруханасының инфекционист дәрігері Толқынай Ордабаева 8 сәуірде әлеуметтік желіде коронавирус жұқтырғанын және ауруханада медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасалмағанын жария еткен еді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәселенің мән-жайын анықтауды тапсырып, жағдайды бақылауына алды. Бұдан соң Толқынай Ордабаеваның шағымын әріптесі Қаламқас Төреқұл да қолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдеріне медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, олардың мәселесін шешуді тапсырды.