Алматыда 12 медицина қызметкеріне коронавирус жұқты

Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, 13 адам ауруды елдегі науқастардан, біреуі шетелде жұқтырған. 11-і — әйел адам, үшеуі — ер адам. Жаңадан түскен пациенттердің 12-сі — медицина қызметкері: 10 медбике мен екі дәрігер.

Өкінішке қарай, ауру жұқтырғандардың арасында халыққа медицина көмегін беретін ұйым қызметкерлері тіркелген. Біз халықтан үрейленбеуді сұраймыз! Осы санаттағы адамдар карантинге қарамастан лауазым міндетін атқарды. Олар — ауруға бәрінен бұрын қарсы тұратын адамдар, қауіп те соларға бірінші төнеді. Олар пациентке кез келген жағдайда көмек берді. Олар ауруды симптомсыз адамдардан да жұқтырып алуы мүмкін. Қазір эпидемиология бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Жағдайды қаланың жедел штабы бақылап отыр. Инфекцияның таралуына жол бермеу шаралары қолға алынды. Науқастармен байланыста болған барлық адам іздестіріліп, карантинге орналастырылады, — деді Алматы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Стационарларда 108 адам жатыр, оның төртеуі — бала.

80 науқастың жағдайы жақсы, 21 адамның жағдайы орташа, жетеуі ауыр жағдайда, екеуі пневмониясының салдарынан ауыр халде.

Бүгінге дейін Алматыда аурудан 28 адам жазылып шықты, екі адам қайтыс болды.

Қазір провизор орталықтарында 138 адам жатыр, оның тоғызы — бала. 386 адам стационардағы карантинде, 5 334 адам үйдегі карантинде.

Бұған дейін Қазақстанда медицина қызметкерлерінің 120-сы коронавирус жұқтырғаны хабарланған еді.