Оның мәліметінше, жедел респиратор вирус инфекциясы белгісі бар айы-күні жеткен пациент 8 сәуір күні провизор перзентханаға түскен.
Бақылау кезінде денесінің қызуы 38,1 градусқа дейін көтерілді. COVID-19-ды анықтайтын тест жасатты, нәтижесі расталды. Толғақ басталды. Аман-есен босанды. Нәресте кювезге салынды: салмағы — 2 970,0 грамм, бойы — 51 сантиметр, — деп жазды вице-министр Facebook-те.
Ләззат Ақтаеваның хабарлауынша, сәбидің жағдайы жақсы, коронавирусты анықтайтын анализ алынған. Анасы инфекциядан емдейтін стационарға ауыстырылды.
Медицина көмегін берген кезде кезекші бригада күшті қорғаныс құралдарын қолданды, кезекшіліктен соң бірден үйдегі карантинге жіберілді (2 апта). Олар — күн сайынғы еңбегінде ерлік жасайтын заманымыздың қаһармандары, — деді вице-министр.
Коронавирус жұқтырған келіншекті акушер-гинеколог Ақбота Қоңқабаева, акушер Әйгерім Еңсепбаева, неонатолог Меруерт Аққайырова және балалар медбикесі Айгүл Тұрғанбаева босандырып алған. Олар — Қызылорда облыстық перинатал орталықтың кезекші бригадасы.
Облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусәметовтің хабарлауынша, сәбиге жасалған тест оның ағзасында коронавирус инфекциясы жоқ екенін көрсетті.