Басты бетЖаңалықтарЗарема Шәукенова:...

Зарема Шәукенова: Қиын жағдайдан шығудың жолын іздеу бізге де тән

«Тәуелсіздік жылдары, еліміздің ең қиын және сыни кезеңдерінде Елбасы өз ойын үнемі ашық талқылап, халыққа жариялап отырды. Коронавирус пандемиясының таралуы бүкіл адамзатқа қауіп төндіріп, көп мемлекетті әбігерге салып, ұлтымыздың денсаулығына елеулі қауіп төндірген кезде Нұрсұлтан Әбішұлы қазақстандықтарға жақсылық пен аман-саулық тілеп, барлығымызды төзім мен сабырға үндеді.

Қазіргі қиындықтарды қалай жеңетініміз — біз үшін кемелдену емтиханы. Елбасы «Бүгінгі Қазақстан Кеңес Одағы ыдыраған 90-жылдардағы Қазақстан емес» деп әділ айтты. Өмір ауқымды күш-жігер мен қомақты қаржы жұмсалған және елді болашақта күтпеген күйзелістерден қорғау үшін жүргізілген реформалардың дұрыстығын дәлелдеді. Дүниежүзінің барлық мемлекеті арасында Қазақстан алғашқылардың бірі болып пандемиямен күреске қосылды. Аурудан сақтайтын шаралар іске асырылды. Тиісті мемлекеттік органдар арнайы даярлықтан өтті. Шетелдерде пандемияның дамуы мен таралу барысы зерттелді. Нәтижесінде біз оған барымызша тосқауыл қоя алдық, коронавирусқа қатысты ахуал тәулік бойы бақылауға алынды. Жағдайды тұрақтандыру үшін көп жұмыс істедік және бұл жұмыс жалғасып жатыр. Біз осындай барлық шараны халық болып қолдауға тиіспіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің ұйымдастыру, ұқыптылық, басқа да жақсы қасиетін көрсете отырып жариялаған дағдарысқа қарсы шараларын жүзеге асыруға кірісуі керек, көмекке мұқтаж адамдарға ерекше қамқорлық жасауы қажет. Әлеуметтанушылар тілімен айтқанда, Қазақстанның әр азаматы дағдарысқа қарсы режимдегі габитусты түзетуі керек. Көп нәрсе қоғамның дағдарысқа қарсы бірыңғай команда бола алатынына байланысты.

Адамға кейде күмән, реніш, наразылық минуттарын бастан кешу тән. Кейде біз өз күшімізге сенбейміз, бастамаларды күмәнмен, сенімсіздікпен бағалаймыз, өзіміздікінен гөрі басқаның тәжірибесіне көбірек сенеміз, бір бастаған жұмысты толыққанды істемеуге, көбіне имитация жасауға бейімбіз.

Әлеуметтану мәліметі бойынша қоғам дағдарыс жағдайында мынадай ерекше сипат танытады: қиындыққа шыдай отырып, күрделі жағдайдан шығудың түрлі жолын іздейді. Бұл қасиет саясаты тұрақты, этносаралық және конфессияаралық келісімі бар Қазақстан қоғамына да тән. Елбасы құрған және халқымыз қолдайтын саясатқа тән. Бұл — Қазақстанның бүгінгі күрделі жағдайда көрініс табуы қажет негізгі артықшылығы.

Ең ауыр кезеңдерде қадір-қасиетін жоғалтпаған, әрдайым бірлігімен, мейірімімен, қуанышымен ерекшеленетін барша халыққа алғыс айтамын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы осындай қиын кезеңде ел азаматтарын рухани жағынан қолдап отыр. Оның сөзі бірлік пен келісім сақталатынына сендіреді. Біз қиындықты міндетті түрде жеңеміз, өйткені біз біргеміз».