Ақмола облысында коронавирустан бір адам қайтыс болды, — деп хабарлады шұғыл штаб.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сулен Ілиясовтың хабарлауынша, Целиноград ауданының 1929 жылғы тұрғыны, әйел адам 6 сәуірде қайтыс болды. Мәйіті сойылып, зерттелгеннен кейін коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Бұл әйел бұған дейін осы ауданда коронавирустан қайтыс болған 1947 жылғы науқаспен қарым-қатынас жасаған.
Пациент бірнеше созылмалы аурумен ауырған. 1 сәуір күні өкпесі, жүрегі ауырып, жағдайы нашарлаған. Сулен Ілиясов марқұмның Паркинсон ауруына шалдыққанын және жамбасы сынғанын да айтты.
Қазақстанда коронавирустан көз жұмғандардың саны жетеуге жетіп отыр. Қайғылы оқиғалар Нұр-Сұлтан мен Шымкентте, Ақмола, Қарағанды, Түркістан облыстарында тіркелді. Ақмола облысында үш адам қайтыс болды.