Қызылорда облысында әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру басталды

«Әскери міндеттілерді арнайы әскери жиындарға шақыру туралы» ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес аймақ басшылығы облыстың аумақтық қорғаныс бригадасы бөлімшелерінің бір бөлігін шақыру туралы шешім қабылдады.

Шақырылған әскери міндеттілер нысанды киім-кешекпен, үш мезгіл ыстық тамақпен және басқа да материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етіледі.

Жиын уақытында әскери міндеттілердің жұмыс орны мен жалақысы жергілікті бюджет қаражаты есебінен, ал жұмыс істемейтіндерге ең төменгі жалақы ретінде төленеді. Бұған дейін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев арнайы жиынға шақырылғандардың еңбекақысы туралы түсіндірді.

Арнайы жиындар кезінде әскери қызметке міндетті азаматтардың жұмыс орны және атқарған лауазымы сақталады. Мысалы, әскерге шақырылғанға дейін жалақының көлемі 200 000 мың теңге болса, арнайы жиындарда өткізген әрбір айы үшін тура сондай ақша төленеді. Егер адам жұмыс істемесе, онда жалақының төменгі мөлшері — 42 500 теңгені алады, — деді министр Нұрлан Ермекбаев.

Арнайы жиындарға өз еркімен барғысы келетін азаматтарға негізгі басымдық беріледі. Әскери қызметке шақырылғандар басқа аймаққа ауыстырылмайды. Олар блокбекеттерде, патрульде, дезинфекия шараларына, күзетке және су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылады.