Басты бетҚоғамЕң төменгі...

Ең төменгі жалақы көлеміндегі көмекті кімдер ала алады?

Министрдің айтуынша, 42 500 теңге көлеміндегі төлем төтенше жағдай аяқталғанша ай сайын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Ол ресми және бейресми жұмыс істеп жүріп, төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға беріледі. Өтінішті екі портал арқылы беруге болады. Біріншісі — Egov.kz, екіншісі — 42500enbek.kz сайты. 3 күнде 1 миллион 284 мың өтініш түскен. Қазір электрон цифр қолтаңбаның қажеті жоқ. Оның орнына SMS-ті немесе поштаны қолдануға болады. Ал Telegram-бот бүгін — 6 сәуірде іске қосылды.

42 500 теңге көлеміндегі төлемді кім ала алады?

  • Орта және шағын өнеркәсіп орындарында, бизнесте жалдамалы қызметте жұмыс істеп, төтенше жағдайға байланысты еңбекақысыз демалысқа шығуға мәжбүр болған азаматтарға беріледі. Бұл санатқа ақысыз демалысқа шыққан коммерциялық емес ұйымдардың жұмысшылары да кіреді.
  • Өз бетінше, оның ішінде ресми жұмыс істегендер де төтенше жағдайға дейін тиісті әлеуметтік жарналарды аударған болса, 42 500 теңге көлеміндегі көмекке өтініш бере алады. Бұлардың қатарына бірыңғай жиынтық төлемді төлегендер жатады. Қашықтан жұмыс істеп, жалақы алып жүргендерге көмек берілмейді. Ал жұмыстан шығып қалған азаматтарға жұмыстан босау себебіне қарамастан 6 айға дейін көмек беріледі.

Бейресми жұмыс істеп жүргендер де 42 500 теңге көлеміндегі көмекті ала алады. Тек ол үшін бірыңғай жиынтық төлемді бір рет төлесе, жеткілікті. Олар бірінші БЖТ төлеп, бір күннен кейін өтініш бергені дұрыс. Сонда өтініш түскенде БЖТ төленгені көрініп тұрады, — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов брифингіде.

Жүктілігіне байланысты демалысқа шыққан әйелдерге баласы жасқа толғанша жәрдемақы беріледі. Баласы жасқа толғанымен төтенше жағдайға байланысты жұмысқа шыға алмай отырса, БЖТ төлеп, 42500 теңге көлеміндегі көмекті ала алады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшылары сол ұйымның жұмысшысы болып есептелетіндіктен олар да ең төменгі жалақы көлеміндегі біржолғы көмекке өтініш бере алады.

Бүгінге дейін 1 миллион 284 мың өтініш 938 мың адамнан түскен. Демек, қайта-қайта өтініш беріп жатқандар бар. Өтініш берген кезде ескеріңіздер, бұл — төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылып қалған азаматтарға арналған төлем. Осы қаражатты төтенше жағдайда шынымен жұмыссыз, қаражатсыз қалған азаматтар алса екен дейміз, — деді министр.

Банкте есепшоты жоқ азаматтар не істейді?

Төлем алу үшін өтініште банктегі есепшотты көрсету керек. Қазіргі кезде есепшоты болмағандықтан өтінішті толтыра алмай қалып жатқандар бар. Министр бұл мәселе де шешілгенін айтты.

Өтініш берген адамның осыған дейін банкте есепшоты болмаса, оны дәл сол уақытта емес, кейін ашуға болады. Өтінішті есепшотты көрсетпей бересіз, біз оны қабылдап, банктегі есепшотыңыздың ашылғанын бір ай күтеміз. Есепшот ашылғаннан кейін қаражатыңызды аударамыз. Осы ретте Halyk bank пен «Қазпошта» онлайн режимде есепшот ашуға көмектесіп жатыр. Барлық банкті осындай көмек беруге шақырамыз. Бірақ банк бұл ақшадан несиеге төленетін қаражатты алып қалуға құқы жоқ, — деді Біржан Нұрымбетов.

Басқа санаттағы азаматтарға зейнетақы, жәрдемақы уақытында төленіп жатыр. Кәсіпкерлерге салық, несие және коммунал төлемдер жағынан жеңілдік жасалады. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтар мен соларға қарап отырған ата-аналарға, жұмыссыз жүрген азаматтарға Birgemiz қорынан азық-түлік топтамасы мен ақшалай көмек беріліп жатыр. Жұмыссыз қалған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының төлемімен бірге жұмысынан айырылғанына байланысты көмек те беріледі.  

Егер азамат бірыңғай жиынтық төлемді төлегенімен төлем шартына сай келмеуіне байланысты 42 500 теңге көлеміндегі көмекті ала алмаса, төлеген қаражаты қайтарылмайды. Бұл қаражат Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түседі.

Төлем алуға Telegram-бот көмегімен қалай өтініш беру керек?

Ол үшін Telegram мессенджеріне кіріп, іздеу жолағына @Help42500Bot деп жазып, Start батырмасын басу қажет.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар «Өзін-өзі жұмыспен қамтушы» санатын таңдап, өзінің ЖСН-ін, электрон поштасы мен телефон нөмірін, банктегі есепшотының нөмірін (IBAN) енгізіп, өтініш береді. Өтініш берген соң телефон нөмірге өтініштің қабылданғаны, тіркеу нөмірі немесе ақпараттың өңделгені туралы хабарлама келеді.

Жалдамалы қызметкерлер «Қызметкер» санатын таңдап, ЖСН-ін, жұмыс істейтін ұйымның БСН-ін, өзінің электрон поштасын, телефон нөмірін және банктегі есепшот нөмірін (IBAN) жазып, өтінішті растайды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі азаматтарға ыңғайлы болуы үшін әр өңірге жеке бот әзірледі:

  • https://t.me/Help42500Bot
  • https://t.me/JambylObl42500Bot
  • https://t.me/Kostanai42500Bot
  • https://t.me/Karagandy42500Bot
  • https://t.me/Atyrau42500Bot
  • https://t.me/Turkistan42500Bot
  • https://t.me/Aqtobe42500Bot
  • https://t.me/Pavlodar42500Bot
  • https://t.me/Mangystau42500Bot
  • https://t.me/ZKO42500Bot
  • https://t.me/Qyzylorda42500Bot
  • https://t.me/SKO42500Bot
  • https://t.me/VKO42500Bot
  • https://t.me/NurSultan42500Bot
  • https://t.me/Shymkent42500Bot
  • https://t.me/Almaty42500Bot
  • https://t.me/AlmaObl42500Bot
  • https://t.me/Akmol42500Bot

42 500 теңгені алу