Қызылордада қашықтан оқыту бойынша дайындық пысықталды

6 сәуірден бастап оқушылар 4-тоқсанды қашықтан оқу форматында  бастайды. Жаңа жүйе бойынша облыс көлемінде дайындық жұмысs қауырт жүріп жатыр.

Облыс  бойынша 293 мектепте 161 779 оқушы білім алады. Мектептердің 78%-і қалада орналасқан, барлық педагог саны — 21 705. Қашықтан оқыту бойынша оқушылардың электрон құрылғылармен қамтамасыз етілуі және интернетке қосылуына мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Бірінші кезекте қажет құрылғылар — компьютер, ноутбук, смартфон, планшеттер. Облыс оқушыларының 93%-і осы аталған электрон құралдармен қамтамасыз етілген деп толық айта аламыз. Ал  мұндай мүмкіндігі жоқ отбасыларға мектептердегі компьютерлер уақытша берілді, — деді Наурызбай Байқадамов.

Қашықтан білім алу бойынша екінші маңызды мәселе — білім алушының интернетке қол жеткізе алуы. Облыс әкімінің орынбасары осы бойынша облыста ешқандай проблема болмайтынын айтты.

Облыстағы оқушылардың 94%-інің интернетке немесе мобайл интернетке қосылуға мүмкіндігі бар. Ал қалған оқушылар техникалық себептерге байланысты интернетке қол жеткізе алмай отыр. Бірақ бұл мәселе де шешіледі, — деді Наурызбай Байқадамов.

Қашықтан оқыту Білім және Ғылым министрлігінің нұсқауымен төрт тәсіл арқылы ұйымдастырылады.

Бірінші тәсіл — «Балапан»  және «Ел арна» телеарналары арқылы қазақ және орыс тілдерінде оқытылады. Қазіргі таңда облыста бұл бойынша видеосабақтарды түсіріп, дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр. 3000-нан аса сабақ видеосабақ арқылы беріледі. Ал сабақ кестесі әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде жарияланады. Телеарналар арқылы 73 847 оқушы, яғни барлық оқушының 46%-і білім алады. Екінші тәсіл — «Қазақ радиосы» арқылы оқу. Видеосабақтардың аудионұсқасы таратылады. Мұны да оқушылар қосымша тыңдай алады. Үшінші тәсіл — интернет арқылы оқу. Мұғалім өзіне ыңғайлы интернет платформаларын пайдаланады. Мысалы, электрон күнделік, тағы да басқа интернет ресурстары. Пайдалану ақысыз жүзеге асады. «Электрон күнделік» журналын пайдалануға мүмкіндік болмаған жағдайда әр мұғалім қағаз түріндегі журналды қодануына мүмкіндігі бар, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Мұғаліммен кері байланыс орнату мүмкіндігін әрбір оқушы пайдалануы қажет. Ал мұғалім оқушының үй тапсырмасын уақытылы орындап, интернет платфорасымен дұрыс жұмыс істей алауын бақылап отыруы керек.

Бұл жауапкершілік ата-аналарға да қатысты. Олар да баласының қашықтан білім алуына бар мүмкіндікті жасап, мұғаліммен байланысып отырса, әлдеқайда жеңіл болады. Бұл ата-аналардың міндетінде емес, осы жауапты сәтте ұстаздарға жасалған көмек деп түсінген жөн. Бұл кезең — өтпелі кезең. Қашықтан оқыту форматы елімізде алғаш рет қолданысқа енгізілгелі тұр. Әрине, түрлі ақау, түсініспеушілік, қиындық болатыны анық. Бір ғана түсінетін нәрсе бар: білімді ала білуге ниет керек, ал біздің оқушыларымыз білім алу мүмкіндіктерін толық пайдалануға тиіс. Сылтау іздеп, керіге шегінудің қажеті жоқ. Білім беру үшін мемлекет тарапынан бар мүмкіндік қарастырылады. Алдымен білімді алатын адамның ықыласы керек. Сондықтан барлық білім саласының қызметкерін, мұғалімдерді бірлесе жұмыс атқаруға шақырамын, — деді Наурызбай Байқадамов.