Мұндай ұсынысты Арыстанбек Мұхамедиұлы білдірді. Ол Мемлекет басшысының спортшылардың халықаралық антидопинг ұйымының шешіміне байланысты қатты уайымдап жүргенін және «атақты спортшыларымыздың назарсыз қалып қоймауына нақты тапсырмалар бергенін» айтты. Министр қазақстандық спортшылардың мүддесін қорғау мақсатында Лозаннаның ең ірі заңгерлік компанияларымен белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын да атап өтті.
«Біздің, Мәдениет және спорт министрлігінің ұстанымы — Халықаралық олимпиада комитетінің біздің спортшыларымызға қатысты қандай шешім қабылдайтынына қарамастан, әрбір спортшымыздың мүмкіндігін өмірде де ашу. Спорт жолының ұзаққа созылмайтынын бәріміз білеміз, сосын спортшылар басқа жұмысқа ауысады. Біреулері бапкер болса, біреулері қоғамдық жұмыстарға араласады», — деді министр.
Өз кезегінде Илья Ильин бұл қызметте өзіне тапсырылған міндетті ақтайтынын айтып, сендірді.
«Мемлекет басшысына бізді, спортшыларды назарсыз қалдырмағаны үшін алғыс білдіремін. Бұл жағдай біз үшін шын мәнінде өте ауыр соққы болып тиді. Маған қатысты хат әлі келген жоқ, спортшы ретіндегі мансапбымның болашағы әзірше түсініксіз, бірақ үкіметіміздің спортшыларды назарсыз қалдырмағаны қуантады…Мүмкіндігіңіз болса, жеке менің атымнан Нұрсұлтан Әбішұлына хабарын беріңізші — мен тірімін, барлығы жақсы, қалпымдамын. Сұрап жатса», — деп алғысын білдірді Илья Ильин.
Еске салайық, осыған дейін Халықаралық Олимпиада комитеті 2008 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Таймураз Тигиевті медалінен айырған болатын. Ал зілтеміршілер Майя Манеза, Светлана Подобедова және Зүлфия Чиншанло 2012 жылғы Олимпиада ойындарының алтын медальдарынан қағылған еді. Айта кетейік, ХОК әзірше Илья Ильинге қатысты шешім шығарған жоқ.