Тікелей эфир коронавирус індетімен күрес, одан сақтану және емдеу жолдары туралы болды.
Мутацияға ұшыраған, басқа вирустан бірнеше есе тез жұғатын коронавирус пандемиясы 180-ге жуық елге тарап, біздің мемлекетімізге де жетті. Қазақстан бойынша Қызылорда облысы коронавирус індетін жұқтырудан көш басында тұр. Соған байланысты тікелей желіде 1 сағатқа жуық уақыт аралығында Наурызбай Байқадамов халықтың көкейіндегі маңызды сауалдарға жауап берді.
Дәл қазіргі уақытта облыс аумағы қатаң бақылауда. 1 сәуірден бастап біздің аймақ та карантин режиміне көшті. Енді сыртта топтасып немесе жай жүрген азаматтар міндетті түрде жазаланады, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Бұл індеттің Қызылорда облысындағы ошағы Оңтүстік Кореядан келген азаматшадан анықталғаны белгілі. Дәл қазіргі таңда вирус Қызылорда мен Жаңақорған, Шиелі, Қармақшы аудандарына тарап отыр. Наурызбай Байқадамов бір отбасыдағы 8 адамның бұл инфекцияны жұқтырғаны өте қауіпті жағдай екенін айтты.
Әр адам өзі үшін жауапты. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтап, маскасын киіп, отбасыдан бір адам ғана дүкенге баратын жағдайда болу керек. Бұл пандемияға салғырт қарауға болмайды. Ауа жұтқанның барлығы қауіпте. Ауа жұтпайтын адам болмайды. Осыны халық түсінуі керек, — дейді Наурызбай Байқадамов.
Пандемия кезінде облыстың азаматтары да халыққа барынша көмек көрсетіп жатыр. «Біз біргеміз» акциясы аясында әлеуметтке жағынан аз қамтылған отбасылар азық-үлік, тұрмыстық заттармен қамтылды.
Акция аясында облыс көлемінде бірнеше қайырымдылық шарасы жасалды. Бұған қоса, кәсіпкерлер де кәсіп нысанын карантинге пайдалануға келісімін беріп отыр. Мысалы, Қайрат Боранбаев «Қызылорда» қонақүйін, Сәрсенбаев есімді азамат та қонақүйін, Раушан Базарбаева жеке клиникасын медицина бағытында жұмыс істеуге тегін пайдалануға берді. Міне, нағыз жомарт азаматтар. Осындай қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созып жатқан жандар аз емес, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Наурызбай Байқадамов ақты кезеңде карантинде жатқан азаматтардың жағдайы бойынша да ақпарат бөлісті.
Бокста, карантинде бақылауда жатқан, ем алып жатқан азаматтар азық-түліпен толық қамтылған, уақытылы беріліп отырады. Бірақ сырттан тағам кіргізуге рұқсат етілмейді. Өйткені тамақ жеткізіп тұрған азаматқа да жұғу қаупі бар, — дейді ол.
Білім беру ұйымдары 6 сәуірден бастап қашықтан оқытуға көшеді. Бірақ аймақта бұл жүйе бойынша үйден отырып білім алуға мүмкіндігі келметіндер де бар.
Облыста қашықтан оқуға жағдайы келмейтін отбасылар бар. Мәселен, интернет желісі тартылмаған ауыл-аймақтардағы оқушылар теледидар арқылы білімін жалғастырады. Ал үйінде компьютері болмаған оқушылар мектеппен келісу арқылы компьютермен қамтылады. Интернетке қаражаты жоқ отбасыларға қалталы азаматтар тарапынан көмек беріледі, — деді Наурызбай Байқадамов.
Зейнеткерлердің сыртқа шықпай-ақ, үйде отырып зейнетақысын алу мәселесі де қарастырылып жатыр. Қызметкерлер үйде отырып онлайн жұмыс істеуге көшті. Санитарлық тазалық, дезинфекция да күшейтіледі.
Эфир соңында Наурызбай Байқадамов халықты сабырға шақырып, әрбір адам өзінің денсаулығы үшін жауапты екенін алға тартты. Облыс әкімінің орынбасары сыртқа шықпай үйде болуға, Президент үндеуін, медицина қызметкерлерін қолдауға шақырды.