Ауызекі тілде сіз бен біз қолданып жүрген «ИВЛ» термині — орыс тіліндегі аппарат атауының аббревиатурасы, яғни «искусственная вентиляция легких» дегеннің қысқарған нұсқасы. Басқаша айтқанда, өздігінен дем ала алмай қалған адамның өкпесін жасанды түрде желдетіп, тыныс жүйесі қалпына келгенше көмектесетін аппарат.
Өкпені жасанды жолмен желдету аппараты қандай жағдайда қажет?
Әуелі мектеп бағдарламасын еске түсірейік. Адам тыныс алғанда сыртқы орта мен ағза ортасында газ айналымы жүреді — дем алғанда оттегін жұтамыз (ол өкпе альвеолалары арқылы қанға тарайды), ал дем шығарғанда көмірқышқыл газын «лақтырып тастаймыз».
Алайда өкпе жеткілікті көлемде оттегін ала алмай және іште жиналып қалған көмірқышқыл газын қайта шығармай қалатын кездер болады. Осы жағдайда бұл органды жасанды түрде желдету керек. Ол үшін дәрігерлер тыныс жүйесінің міндетін мойнына алатын арнайы аппаратты қосады.
Жасанды жолмен желдету аппараты өкпеге газ қосындысын (оттегі мен сығылған құрғақ ауа) жібереді де, жиналып қалған сұйықты, көмірқышқыл газын сыртқа шығарып алады. Ауру адамды мұндай желдеткішке дер кезінде қосса, тірі қалу ықтималдығы барынша артады.
Қазіргі аппараттар мақсатына, қалай басқарылатынына, пациенттің жасына байланысты түр-түрге бөлінеді. Оны инвазив жолмен (аурудың тыныс жолдарына немесе трахеожүйесіне түтіктер енгізеді) немесе бетке маска тағып пайдалануға болады.
Мұндай аппаратқа қосылған адам сөйлей алмайды, өз бетінше тамақ та ішпейді. Инвазив әдіс қолданылса, ауруды әдетте жасанды жолмен комаға түсіреді, себебі түтік арқылы тыныс алу — қатты ауыртатын процесс.
Коронавирусқа қатысы қандай?
SARS-CoV-2 вирусын жұқтырып, дәрігерлер бақылауға алған адамдардың көбінде COVID-19 төменгі тынысалу органдарына (өкпе, кеңірдек, трахеялар, көмей) соққы берген, ал 20%-інде өкпені қатты зақымдаған. Бұл жағдайда коронавирус жұқтырған жанның халі күрт төмендеп, өз бетінше тыныс ала алмай қалуы мүмкін. Сондықтан оларды жасанды жолмен желдету аппаратына тездетіп қосу керек. Өкпе қалпына келіп, жазылып кеткенше, құрылғы тыныс жүйесі жұмысын бір қалыпта ұстап тұрады.
Қазір дүниежүзінде коронавирус жұқтырып, өкпені жасанды жолмен желдетуді қажет ететін науқастар күрт көбейді. Сол себепті интенсив терапия бөлімдері дағдарысты бастан кешіп отыр: көп жерде мұндай аппарат жетпейді, бар болған күннің өзінде оның тілін білетін, пациентке дұрыс қоса алатын мамандар тапшылығы сезіледі, яғни адамдар ауруханаға жаппай түскенде олардың бәрін қатар жатқызып, емдеу мүмкіндігі жоқ.
Мемлекеттердің карантин енгізіп, шекарасын тарс жауып, елді үйде отыруға шақырып жатқанының бір себебі де — осы: коронавирус жұқтырған жүз әлде мың адамды бір уақытта қабылдағанның орнына (аппарат жетпегендер өліп жатыр), айларға созып, «жасанды өкпеге» кезек-кезек қосып барып сауықтырған әлдеқайда тиімді.
Әрине, жасанды желдету аппараттарына деген сұраныстың шамадан тыс өскенін айтуға болады, бірақ оны жасайтын компаниялар Жер жүзінде санаулы-ақ және мұндай жоғары технология дүниесі бір күн не бір аптада құрастырыла салмайды.
Сондықтан АҚШ президенті Дональд Трамп автомобиль сататын General Motors компаниясын өкпені желдету аппараттарын өндіруге шақырды, Илон Маск жақын арада Tesla «медицина желдеткіштерін» шығара бастайды деп мәлімдеді, Mercedes Formula1 командасының мамандары балама құрылғы құрастырып жатыр, бұлардың қатарына тұрмыс техникасымен белгілі Dyson компаниясы да қосылды.
Қазақстанда қанша аппарат бар?
30 наурыз күні өткен брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жедел жәрдемде, аудандық ауруханаларда, ірі медицина ұйымдарында өкпені жасанды желдететін 3 мыңға жуық аппарат бар екенін мәлімдеді. Оның 167-сі инфекция ауруханаларында орналасқан, ал коронавирус жұқтырғандар саны артып бара жатса, құрылғыларды басқа медицина ұйымдарынан жеткізу ойластырылған.
Ведомство басшысының айтуынша, тез тозатындықтан мұндай аппаратқа деген қосымша мұқтаждық бар. Өткен аптада министрлік 270 құрылғы сатып алу тендерін өткізіпті, олар сәуір айында мемлекетке тапсырылуға тиіс. Сонымен бірге демеушілердің көмегімен сатып алынған отандық 180 жылжымалы аппарат та жеткізілмек.
Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда коронавирусты барлығы 3000-3500 адам жұқтырады және оның 5%-і ауыр жағдайда болады деп болжап отыр. Бұл сценарий орындалса, елдегі аппарат саны осы 5%-ті (шамамен 150-200 адам) емдеуге жетуге тиіс.