Басты бетЖаңалықтарАлматыда оқушылардың...

Алматыда оқушылардың қашықтан білім алуына бар жағдай жасалады

6 сәуірде қашықтан оқытуды бастау үшін оқушылар мен мұғалімдерге қала мектептеріндегі 10 мыңнан астам компьютер мен ноутбук уақытша қолдануға таратылған. Тағы 3000-нан астам оқушыға мемлекет бюджеті есебінен компьютер сатып алынғалы отыр. Білім басқармасының басшысы көпбалалы отбасыларға көмек берілетінін айтты.

Алматы әкімдігінің шешімімен бір ғана компьютері бар көпбалалы отбасыларға қосымша техника беріледі. Бұл жағдай мектепке баратын төрт немесе одан көп баласы бар отбасыларға қатысты, — деді Ләззат Жылқыбаева.

Басқарма басшысының айтуынша, Алматы әкімдігі оқушылар мен мұғалімдер интернетті еркін қолдана алуы үшін Кcell, Belline және «Қазақтелеком» байланыс операторларымен бірге әртүрлі тариф жоспарын қосуды қарастырып жатыр.

Ұялы байланыстың осы түрлері арқылы 700-ден астам мұғалім мен 4000-нан астам отбасыға интернет тегін беріледі, — деді Ләззат Жылқыбаева.

Оқушылар үшін Balapan және «Ел Арна» арналарынан 5 күн телесабақ та өтеді. Almaty телеарнасы 9-11 класс оқушыларына жаратылыстану мен математика бойынша курстар өткізеді.

Алматыда 266 мектеп, 80 колледж бар. Білім беру қызметкерлерінің карантин кезіндегі жұмыс тәртібі мынадай үш санат бойынша анықталды:
1) әкімшілік-басқару қызметкерлері — басшы, орынбасарлар және техникалық қызметкерлер әдеттегі режимде жұмыс істейді;
2) пән мұғалімдері үйде отырып, қашықтан жұмыс істей алады. Бұл ретте олардың жалақысы толық көлемде сақталады;
3) ақылы еңбек демалысына шығуға тілек білдірген қызметкерлердің қалауы толық қанағаттандырылады.