Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты төтенше жағдай жариялады. Осыған байланысты біздің облыста да қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бүгінге дейін өңірде 318 адам карантиннен өтті. Мемлекеттік мекеме мамандары, дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Сондықтан оларды қолдап, еңбектеріне құрметпен қарауға шақырамын. Дегенмен аймақта COVID-19 вирусын жұқтырған 5 қазақстандық анықталып отыр. Бұл жағдай тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қатаң шараларды қабылдауды талап етеді, — деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Айта кетейік, Қызылорда облысы бас санитар дәрігерінің 30 наурыздағы 4 қаулысымен 31 наурыз сағат 00.00-ден бастап Қызылордаға көліктің барлық түрінің кіріп-шығуына тыйым салынады. Теміржол қатынасына шектеу 1 сәуірден басталады.
Облыс тұрғындарынан сұрайтыным — шектеу талаптарын қатаң сақтауға тиіспіз. Қоғамдық орындарда серуендеуді доғарып, үйден шықпай, дерттен оқшауланған жөн. Қазір кез келген адам вирус жұқтыруы ықтимал. Ал қаулы ережесін бұзғандарға заң аясында шаралар қолданылады. Өңірде коронавирус диагнозымен ауруханаға түскен ең алғашқы науқастың мәселесіне келсек, қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Қауіпті індет белгілерінің неліктен кеш анықталғаны қаралады, — деді өңір басшысы.
Қызылордада 28 наурызда коронавирус жұқтырған алғашқы адам тіркелді. 29 наурызда науқаспен қарым-қатынаста болған медбикеден де сол диагноз нақтыланды. 30 наурыз күні коронавирус жұқтырған тағы үш адам анықталды.