Министрдің айтуынша, 302 науқастың арасында 14 жасқа толмаған екі бала бар.
Науқастардың 74-і — басқа елдерден келіп, ауырған адамдар, 97 адам — науқастармен қарым-қатынаста болғандар және 131 науқас коронавируспен ел ішінде ауырғандар, себебі белгісіз, осы ақпарат негізінде елімізде карантин шараларын күшейту туралы ұсыныс беріп, мемлекеттік комиссия тиісті шешім қабылдады, өңірлерге карантин режимін күшейтуді тапсырды, — деді Елжан Біртанов.
Министрдің мәліметінше, ауруды қайдан жұқтырғаны анықталмаған 131 адам шетелде болмаған, науқастармен байланыс жасамаған. Қазір эпидемиологтар бұл жағдайдың себебін зерттеуге кіріскен. Елжан Біртановтың айтуынша, қазіргі кезде 302 науқаспен қатынаста болған 7 мыңнан астам адам белгілі. Оның 90%-і стационарлар мен үй карантиніне алынған.
Денсаулық сақтау министрі сегіз науқастың жағдайы нашар екенін айтты, төртеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, жағдайы бірқалыпты. Пациенттердің 30-ының жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. 244 науқастың жағдайы жақсы, симптомы жоқ. 21 науқас аурудан айықты.