Төлем алушылар шеңбері кеңейді
Бұған дейін 42,5 мың теңге көлеміндегі (ең төменгі жалақы) әлеуметтік төлем орта, шағын кәсіпкерлік пен микробизнес қызметкерлеріне, жеке кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор) және бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерге берілетіні хабарланған еді. Енді олардың қатарына мына санат қосылады:
— азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша кіріс алатын адамдар, түрлі қызмет көрсететін, салық агенттеріне міндетті зейнетақы жарнасын төлеген азаматтар;
— карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері.
Азаматтардан табыссыз қалғанын растайтын құжат талап етілмейді
Бұрын әлеуметтік төлем туралы өтінішті жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін, қалған санат өзі үшін бере алатын. Сонымен бірге жұмыс берушілер төтенше жағдай кезінде қызметі шектелуіне байланысты қызметкерлерінің табысынан айырылғанын растайтын құжатты, қызметкерлердің тізімін және қызметкерлерге жалақысы сақталмайтын еңбек демалысын беру туралы бұйрық үзіндісінің көшірмені ұсынуы керек еді.
Енді әлеуметтік төлем тағайындау үшін:
— жұмыс берушілер өтініш пен қызметкерлердің тізімін ғана береді;
— жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатырдар, азаматтық-құқықтық келісімшартпен жұмыс істейтіндер және бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер жеке мәліметімен бірге өтінішті ғана береді.
Қызметкер жұмыс берушіні күтпей-ақ өтінішті өзі де бере алады. Өтініш берушілер жалған мәлімет үшін жауапқа тартылады. Өтінішті Egov.kz порталының сервисімен беруге болады.
Төлем үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу мерзімі қысқартылды
Бұрын төлем тағайындау үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесіне кейінгі 12 ай ішінде кем дегенде 3 ай қатысу талап етілетін. Енді қызметкер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (азаматтық-құқықтық келісімшартпен жұмыс істейтіндер БЖЗҚ-ға) кейінгі 12 айда кемінде 1 рет әлеуметтік аударым жасаған болса, жеткілікті.
Үміткерге әлеуметтік аударым немесе зейнетақы жарнасы бар-жоғын дәлелдеудің қажеті жоқ, оны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ өзі тексереді.
Өтінішті қарау мен әлеуметтік төлем тағайындау мерзімі 7-ден 3 жұмыс күніне дейін қысқарып отыр.