Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров айтты.
Құрметті Қарағанды облысының тұрғындары, мен мына қалаларда карантин енгізу туралы қаулыға қол қойдым: Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай, Теміртау. Қазіргі уақытта коронавирус ауруының жеті жағдайы тіркелді. Олардың бәрі Қарағандыда анықталды, бірақ серіктес қала тұрғындарының 25%-і Қарағандыға жұмысқа және басқа да істерге келгенін ескере отырып, осы қалаларда коронавирусты одан әрі таратуға жол бермеу үшін карантин қабылданды, — деді Қанат Асқаров.
Карантин 30 наурыз күні сағат 00.00-ден бастап енгізіледі.
Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияға арнайы рейстерді шектемей, автокөлік және теміржол вокзалдарын, әуежайды жабу туралы өтініш жіберіледі. Қоғамдық көлікті шектеу және карантин аймағын толық қоршау туралы да өтініш жасаймыз, — деді Қанат Асқаров.
Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіров карантин кезіндегі бес бағыттағы қауіпсіздік шарасы туралы айтты.
Біріншісі — азық-түлік, дәрі-дәрмек, банк қызметтерін сатып алуды және жұмысқа шығуды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуы шектеледі. Екіншісі — 65 жастан асқан адамдарға үйден шығуды шектеу ұсынылады. Үшіншісі — халықтың жаппай жиналатын орындары — саябақтар, гүлзарлар, жаяу жүргіншілер көшелері, ойын алаңдары және тағы басқалар жабылады. Төртіншісі — бизнес орталықтарының жұмыс режиміне шектеу енгізіледі — сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін, олардың жанындағы қоғамдық тамақтану пункттерінің қызметі уақытша тоқтатылады. Бесіншісі — барлық меншік түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарға жұмыс күнін 2 сағатқа қысқарту ұсынылады, — деді қала әкімі.
Сонымен бірге ауданы 2000 шаршы метрден асатын және азық-түлік емес тауар сататын нысандардың қызметі тоқтатылады. Мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар жабылады. Сұлулық салондары, қоғамдық моншалар мен сауналар, букмекер кеңселері және басқа да қызмет көрсету орындары жұмысын тоқтатады.
Мейрамханалар мен дәмханаларға тек жеткізу қызметімен жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Көшеде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға тыйым салынады (отбасы мүшелерінен басқа). Кәмелетке толмаған азаматтарға қалада ересектерсіз жүруге тыйым салынады.
Шұғыл мәлімет бойынша қазір өңірде карантинде 509 адам тәулік бойы бақылауда. Бұлар — 1А санатындағы елдерден оралған немесе коронавирус жұқтырған адамдармен байланыста болған азаматтар. Тағы 421 адам үйде оқшауланған.
Еске салайық, бұған дейін карантин режимі Нұр-Сұлтан мен Алматыға енгізілген еді. Ақтауда және басқа қалаларда санитария тәртібі ерекше күшейтілді.