Басты бетЖаңалықтарЖерге түскен...

Жерге түскен жапырақтарды неге өртеуге болмайды?

Жерге түскен жапырақтарды өртеу қоршаған ортаға өте үлкен зиянын тигізеді. Оны ЛИВЕНЬ. Living Asia порталы түсіндірген екен.

фотосинтез процесіБәріміз білетініміздей, жасыл жапырақтар ауаны тазартады. Яғни, фотосинтез процесі арқылы ауадағы көмірқышқыл газдары жұтылып, күн сәулесі арқылы оттегі бөлініп шығады. Бұл процес көктемде, жазда, күздің бастапқы мезгілінде тоқтаусыз жүреді. Демек, жапырақтар осы уақыт бойы ауадағы автокөліктен, түрлі кәсіпорындардан шығатын түрлі газдарды сіңіреді. Ол газдарда қаншама зиянды металдардың болатыны айтпаса да түсінікті. Солардың бірі — қорғасын. Ол жанар-жағармай жанған кезде бөлінеді. Жапырақтар жерде жата берсе, құрамындағы зиянды заттар да бірге шіріп кетеді де, топыраққа араласқан соң, зияндылығын жоғалтады.

Егер жапырақтарды жағатын болсақ, оның жаз бойы сіңірген зиянды заттары да жанып, түтінмен бірге қайтадан ауаға тарайды. Оның құрамында азот қышқылы, диоксин, бензиперен сынды қатерлі ісіктің пайда болуына әкелетін канцерогендер бар.

Өртелген бір тонна күзгі жапырақтан 30 килограмдық қауіпті зат бөлінеді.

Енді не істеу керек?

Күзгі жапырақтан құтылудың үш тиімді жолы бар.

жапырқтарды тазалау Аула сыпыру тазалық

№1. Көміп тастау

Жиналған жапырақтардың көлеміне қарай шұңқыр қазып, жапырақтарды сонда көміп тастау керек. Көктемде бұл жерге көкөніс ексеңіз, өсімділігі жоғары болмақ. Ғалымдардың айтуынша, шіріген жапырақтың тыңайтқыштық белсенділігі сиырдың жапасымен бірдей. Екеуінің құрамындағы азот пен фосфор мөлшері тең болады.

№2. Тыңайтқыш шірітетін ұра жасау

Егер сіз жер үйде тұрсаңыз, тыңайтқыш шірітетін ұра жасай аласыз. Ол үшін тереңдігі 1 метр, ұзындығы 1,5-2 метр, ені 3 метрлік ұра қазасыз. Ішіне ұраның әр қабырғасынан 20 см қашықтықта тұратын ағаш қорап жасайсыз. Ол үшін ұраның әр бұрышына бір-бір бағана орнатып, оның әрқайсысына тақтай қағасыз. Әр тақтайтың арасына 5-6 сантиметр қалдырыңыз, себебі тыңайтқыштарды жел қағып тұруы керек. Қораптың түбіне 10-15 сантиметр қалыңдықта бұтақтар, сабан төсейсіз. Ол артық ылғалды ұстап тұруға қажет. Жапырақтарды осы ұраға тастаған соң, бетін жылыжай сияқты пленкамен жауып тастайсыз. Осылайша, күзгі жапырақтардан құнарлы тыңайтқыш жасауға болады.

№3. Жапырақтарды өткізу

Егер шұңқыр қазып, ұра жасағыңыз келмесе, жапырақтарды жай ғана қалалық жылыжайға, қоқыс өңдеу орталықтарына өткізуге болады. Ол жақта жапырақтар іріктеліп, жылыжайларда тыңайтқыш ретінде қолданылады.