Басты бетБастыАлматыда қызмет...

Алматыда қызмет көрсету және туризм саласын дамыту қолға алынды

Инвестициялық форумдар легін аша отырып, Алматы қаласының әкімдігі капитал тарту мәселесін жаңа деңгейге шығаруды көздеп отырғандығын хабарлады. Форумының тақырыбы «Қызмет көрсету және туризм саласы» ретінде кездейсоқ таңдалып алынбаған. Себебі аймақта осы екі сала басымдыққа ие. Қазіргі уақытта мұнда 500-ден астам қоғамдық тамақтандыру орындары (кафе, барлар, мейрамханалар) қызмет етеді.

«Алматы қаласының Медеу ауданында 11 мың кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олар қаланың барлық салық түсімдерінің 30%-ын қамтамасыз етеді. Алматыдағы инвестицияның 20%-ы Медеу ауданына тиесілі. Бұл жерде «Тайота», «Шеврон», «Procter and Gamble» сынды әлемдегі алпауыт кәсіпорындардың филиалдары, өкілдіктері мен дистрибьюторлық орталықтары орналасқан. Әр ауданның өзіндік ерекшелігі бар», — деп  атап өтті форум қонақтарына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов.

Сонымен қатар, Ерлан Әукенов биыл Медеу ауданында төрт жаңа қонақ үй пайдалануға берілгенін атап өтті. Универсиадаға дейін әлемдік брендке айналған «Нователь» және «Кемпински» қонақ үйлерін ашу жоспарланып отыр. Биылғы жылы жергілікті билік пен қалалық туризм басқармасының бастамасымен алғашқы «Жайлау» этнокафесі ашылды. Оған  450 млн теңге жұмсалған.

«Бірақ хостелдер желісін де дамыту қажет. Бұл – сіздер, кәсіпкерлер, толтыра алатын еркін нарық.  Бізді алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Бірақ біз инвесторларға қолдау көрсетуге және кәсіпкерлікті дамытуға барынша күш саламыз», – деп айта кетті қала әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов.

Бұл шара Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына арналып отыр. Алматының 1000 жылдық тарихына орай — Алматы қаласын көркейту мақсатында ұйымдастырылып отырған іс-шара.