Алматы облысында коронавирустан сақтану шарасы қалай жүріп жатыр?

Төтенше жағдай режиміне сәйкес, облыс аумағындағы медицина ұйымдарында жұқпалы ауру кезінде емдеуге арналған қосымша провизор және карантин төсек-орындары әзірленген.

Алматымен шекаралас аудандарға коронавирустан сақтану мақсатында қойылған блок-бекеттердің жанына Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен медицина тексеруі пункттері қойылды. Бір тәулікте әр блок-бекетте үш медицина қызметкері кезекшілік атқарады. Блок-бекеттегі қызметкерлер тепловизор, медицина маскасы және арнайы костюмдермен толық қамтамасыз етілген. Медицина қызметкерлерімен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен блок-бекеттегі кезекшілік атқарып жүрген құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әкімшілік қызметкерлері үшін де медицина маскасы беріліп жатыр.

Алматының карантинге жабылуы салдарынан қала тұрғындары Алматы облысының территориясында да қалып қойғаны белгілі. Осы орайда Алматыда жүктілік бойынша тіркеуде тұрған әйелдер дәл қазіргі тұрғылықты жері бойынша облыстың кез келген медицина мекемесіне кедергісіз тіркеліп, ауруханаға жатқызылады. Оған қоса, қаламен шекаралас аудандардың гемодиализ (созылмалы бүйрек жетіспеушілігі) диагнозы бойынша емделушілерін аудандық ауруханадан Алматы көпсалалы клиникалық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізеді.

Төтенше жағдай режимі енгізілгеніне қарамастан медицинаның басқа да қызметтері уақытылы жасалып жатыр. Облысқа қарасты барлық медицина мекемесінде балаларға екпе салу жоспарлы түрде жүргізіледі және медицина мекемесіне келетін ата-аналар коронавирусқа қатысты барлық сақтық шараны ұстануға міндетті.

Қазіргі күні коронавирусқа байланысты көптеген ақпарат шығып жатқаны белгілі. Бірақ оның қайсысы шынайы, қайсысы жалған екені белгісіз. Осыған орай, менің тікелей тапсырмаммен коронавирусқа қатысты жарияланған жалған ақпаратты анықтайтын мобайл топ құрылды. Жалған ақпаратты таратпау біздің жұмысымызды жеңідететіні анық, — дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.

Қазіргі уақытта Талдықорғанға кіретін төрт жол торабының барлығына санитар бекеті қойылған. Онда полиция қызметкерлері, емхана дәрігерлері және тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау басқармасының мамандары тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр. Бұл бекеттен қалаға кіретін барлық көлік жолаушысы тексеріліп, температура өлшенген соң ғана кіруге рұқсат. Мұндай әрекет — Талдықорған және облыс тұрғындарын жұқпалы індеттен сақтау. Сақтық шараларына қарамастан қала барлық жағдайға әзір. Талдықорған аумағында коронавирус жұқтырған жандарды жатқызуға арналған 100 орындық жұқпалы аурулар бөлімшесі дайын. Дәрі-дәрмекпен және жеке қорғану құралдарымен 100% қамтамасыз етілген.