Қызылорда облысы тұрғындарының цифрлық сауаты артып келеді

Egov mobile қосымшасында 24 қызметі түрі болса, ақпан айынан бастап қызмет саны 59-ға көбейді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаев мәлімдеді.

Қызылордалықтар көлік құралдарын онлайн форматта тіркеу және жүргізуші куәліктерін электрон порталда ауыстыру қызметін кеңінен қолдана бастады. Есеп кезеңінде өңірде 85 840 көлік тіркеліп, оның 167-і электрон портал арқылы рәсімдеген, — деді Айдын Қайруллаев.

Филиал директоры жаңадан 17 проактив қызмет іске қосылатынын тілге тиек етті. Болашақта проактив форматта мүгедектік бойынша әлеуметтік жәрдемақылар, жұмыс істеу қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына байланысты төлемдер тағайындалады. “Алтын алқа”, “Күміс алқа” белгілері бар көпбалалы аналарға ешқандай өтінішсіз жәрдемақылар беріледі.

Бұған қоса, жеке куәліксіз құжаттарыңызды саусақ іздері арқылы ала аласыз. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, мәліметтеріңізді енгізесіз. Кез келген жерде отырып смартфонның көмегімен Egov.kz,Telegram-Bot арқылы қызмет алуға болады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында республикалық «Халыққа жақын бол!» акциясы бастау алды. Онда тұрғындардың ұсыныс-пікірін айтып, өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндіктері бар.