Алматыда карантинге байланысты дезинфекция жұмысы басталды

Алматыда карантин жариялануына байланысты көп пәтерлі тұрғынүйлердің кіреберісін, балалар ойнайтын алаңды, ауланы, жолды дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жұмыстарға суарып жуатын 90, тротуар жинайтын 54 көлік пен 962 жұмысшы жұмылдырылды. Сонымен бірге қосымша 112 адам қоқыс жәшігін, орындық пен аялдаманы дезинфекциялаумен айналысып жатыр.

25 наурыз күні 09.00-ден бастап 32 бригада көп пәтерлі тұрғынүйлердің кіреберісін залалсыздандыруды бастады. 8633 кіреберіс (2868 үй) пен 1441 ауланы дезинфекциялау жоспарланған, — деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Тазалау жұмыстары жүргізілмес бұрын дауыс зорайтқыш жабдығы бар көліктер арқылы ескерту жасайды. Сонымен бірге келесі дезинфекция жұмысының кестесі кіреберістерге ілінеді.

Бұдан өзге 25 наурызда Есентай, Үлкен Алматы және Тереңқұр өзендерінің жағалауын дезинфекциялау жоспарланып отыр.