Бұл туралы облыстың денсаулық сақтау саласының басшылары онлайн брифинг барысында айтты.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, 22 наурызда Мәскеу — Ақтөбе рейсімен ұшып келген әйелдің коронавирус жұқтырғаны анықталды. Ол бірден ауруханаға жатқызылды, денсаулығы жақсы. Пациентпен байланыста болғандар анықталып, оқшауланды. Карантинге жатқызылғандардың денсаулығын бақылауға өңірдің әр түкпірінен медицина қызметкерлері мобилизацияланды.
Науқаспен бірге 57 жолаушы ұшып келген. Олардан сынама алынды, сынама қазір зерттеліп жатыр. Оқшауланғандардың бәрінің жағдайы қанағаттанарлық, — деді тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.
Шенеуніктер Ақтөбеде коронавирус жұқтырған азамат туралы тарап жатқан ақпарат жалған екенін айтты.
Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны расталғандардың қатары 60-қа жетті: Нұр-Сұлтанда 31 адам, Алматыда 25 адам, Қарағандыда екі адам, Алматы облысында бір адам және Ақтөбе облысында бір адам.