Қазақстан 23 наурызға дейін 4000-нан астам турисін елге алып келеді

Премьер-министрдің орынбасары айтқан шаралар 10 бағыттан тұрады. Соның бірі — азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау.

Азық-түлік пен ең қажет тауарлар үздіксіз жеткізілетініне сендіргім келеді. Үкімет, өңір әкімдіктері азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрақтандыру қорларын толықтыруы үшін 32 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінеді. Бизнес субъектілеріне мынаны айтқым келеді, біз бағаны, әсіресе тұрғындар үшін ең қажет өнімдер бағасын негізсіз өсіруге жол бермейміз. Тиісті мемлекеттік органдар бағаның өзгеруіне қатаң мониторинг жүргізеді, ал алыпсатарлық факті анықталған жағдайда қатаң санкция қолданылады, — деді Ералы Тоғжанов.

Төтенше жағдай режимі кезінде жұмысы тоқтатылған кәсіпкерлік нысандары мүлік салығынан уақытша босатылады, олардың салық берешегі бойынша өсімпұлы тоқтатылады.

Жыл соңына дейін жалпы белгіленген тәртіппен жұмыс істейтін кәсіпкерлерді 10% жеке табыс салығынан (70 мыңға жуық кәсіпкер) босату ұсынылады. Барлық шара қаржы жағдайы нашарлаған бизнесті қолдауға мүмкіндік береді, — деді Үкімет басшысының орынбасары.

Карантин режимі кезінде Үкімет қолға алатын басты шаралардың бірі — еліміздің шетелде жүрген 5000-нан астам турисін қайтару.

Бүкіл әлем бойынша рейстердің ауқымды қысқаруы жағдайында оларды мемлекет есебінен емес, чартер рейстермен елге қайтару бойынша теңдессіз шаралар қабылданып жатыр. 23 наурызға дейін Қазақстанның 4 мыңнан астам турисін елге әкелу үшін 18 рейс жоспарланған, қалғандары кейінірек жеткізіледі, — деді Ералы Тоғжанов.

Үкімет басшысының орынбасары Қазақстан күніне 1 миллион дана бетперде өндіруге көшетінін мәлімдеді.