Бұл бастаманы алғаш болып қолға алған — «Қолөнер» ұлттық нақыш орталығының мамандары. Орталық басшысы Аида Керімқұлованың айтуынша, игі іске белгілі кәсіпкер Мағжан Ералиев бастаған «Абзал және К» толық серіктестігі мен Мұрат Сәрсенбаев басқаратын «Абай Дәулет» ЖШС қолдау білдірген. Қазір орталықтағы тігіншілер барлық талапқа сай бетперде тігу ісін жолға қойды.
Осындай сындарлы сәтте бір-бірімізге қолдау білдіріп, жанымызда жүрген жандарға демеу көрсету басты парызымыз болуға тиіс. Әлем жұртшылығын алаңдатып отырған қауіпті індеттен сақтану жолдарын барлығымыз сақтауымыз керек. Елең-алаң шақта бір-бірімізге қол ұшын созып жатсақ, ол біздің халқымыздың даласындай кең дархан пейілін көрсетеді емес пе? Облыстық кәсіпкерлік палатасы жанында өңірлік даму кеңесі бар. Оған жергілікті кәсіпкерлер мүше болып қабылданған. Біз бұл жоба жөнінде әріптестерімізбен ақылдастық. Сол арқылы нақты шешім қабылданды. Игі істі осылайша қолға алдық. Бүгінде тігіншілер халыққа қажет бетпердені тігу ісін толық жүзеге асыруға маманданды. Орталықта тігілген бетпердені қаланың шеткі аймағында тұратын жағдайы төмен отбасыларға, «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар үйі тәрбиеленушілеріне, екіқабат әйелдерге, қарт кісілерге тегін беру арқылы ойымызды жүзеге асыруға мүмкіндік алдық. Бұған «Атамекен» ҚҰП және кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Гаухар Елеусінова тарапынан қолдау жасалғанын айта кеткеніміз дұрыс, — деді Аида Керімқұлова.
Орталық басшысы алдағы уақытта бұл жоба ауқымын кеңейту жөнінде ұсыныс білдіріп отыр.
Алдағы уақытта бетпердемен қамтамасыз ету бағытында такси жүргізушілерін, қоғамдық автобус жүргізушілерін қамтамасыз етуге назар аудару ойластырылған. Әрине, бұл жобаны жүзеге асыруға барлық жанашыр азамат пен кәсіпкерлер қолдау білдірсе деген ұсынысым бар. Сол арқылы балабақшадағы бүлдіршіндерді де алдыңғы кезекте қамтуға көңіл бөлінеді, — деді орталық басшысы.