Алматы облысында «Денсаулық» бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр?

Облыста 804 медициналық мекеме бар. Оның 641-і — мемлекеттік, ал жекеменшігі — 163. Медициналық мекемедегі барлық дәрігер саны — 4780, орта буын мамандардың саны — 14 970. Әлі де маман жетпейді. Эндокринолог, невропатолог, аллерголог, гинеколог, педиатр мамандары керек. Жиында маман тарту бойынша жұмыстың жүріп жатқаны айтылды. Әлеуметтік жағдайы жасалса, дәрігерлер жетіспеушілігінің орны толары сөзсіз.

Басқарма басшысының айтуынша, облыс бойынша адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72,6 жастан 74,14 жасқа дейін ұлғайған. Халыққа медициналық қызмет көрсетуді жақсартуда жан-жақты жұмыс істеліп жатқанын бас дәрігер деректерді келтіре мәлімдеді. Жергілікті бюджет есебінен кейінгі кезде жаңадан заманауи материалдық техникалар сатып алынған. «Денсаулық» бағдарламасы аясында 138 бірлік медициналық автокөлік пайдалануға беріліпті. Үш компьютер томографиясы, 2 рентген аппараты және инсульт орталығына арналған құрал-жабдық, шала туған нәрестелерді жетілдіретін СИПАП, сараптама жасауға арналған УЗИ аппараттары сатып алынған.

Кейінгі жылдары мекемелерді заманауи аппаратпен қамтамасыз ету 72,5% орындалған. Бауыржан Ербозымұлы жыл сайын медициналық мекемелердің рет-ретімен күрделі жөндеуден өтіп жатқанын, жарамсыздардың орнына жаңалары сатылып алынғанын айтты. Биыл 14 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға беріледі. Оның жетеуі Жамбыл, Панфилов, Іле, Қарасай аудандары мен Талдықорғанда салынбақ.

Биыл ел бойынша Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне өту үшін мекемелерге тұрғындарды тіркеу жүргізілгені белгілі. Жаңа жүйе бойынша халыққа түсіндіру шараларын жүргізетін ақпараттық орталық құрылып жатқанын Бауыржан Ербозымұлы баяндамасында айтты.

Баяндамашыдан кейін облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов сөз алып, медицина саласындағы өзекті мәселелерді қозғады. Ол былтыр ана мен бала өлімі болғанына қынжылыс білдірді.

Дәрігерлер жан-жақты көмек көрсеткенде бірнешеуін аман алып қалуға болатын еді. Ендігі жерде мамандар жауапкершілігін арттыру керек, – деді әкім орынбасары.

Ол «Жедел жәрдем» қызметіне тұрғындар тарапынан арыз-шағымның көп айтылатынын, КТ және МРТ аппараттары қызметін алу үшін ел-жұрт айлап кезек күтетінін ескертіп, басқарма жұмысына сын айтты. Алқа отырысында көптеген өзекті мәселе сөз етілді. Ащы сын да айтылды. Шешу жолдары да ұсынылды. Шара соңында медицина жұмысын пысықтау тапсырылды.