Алматы облысында Жетісу идеологтарының III слеті өтті

Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкерлері, аудандық, қалалық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, баспасөз хатшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Өздеріңізге белгілі, облыстық ішкі саясат басқармасының жанында «Талдау және болжау орталығы, JETISY MEDIA, «Алматы облысы бойынша «Рухани жаңғыру» жоба кеңсесі» құрылып, көптеген игі іс атқарып жатыр, — деді Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев.

Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын және ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын жан-жақты насихаттап, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда Жетісу өңірінің дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азамат марапатталды.

2016-2018 жылдар аралығында «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ-ның қорытындысы бойынша Алматы облысы республикалық ақпарат алаңында көшбасшы болды. Jetysu Media 2019 жылы 215 баспасөз мәслихатын өткізіп, оған 407 спикер қатысты, ақпараттық кеңістікте 17 834 мақала жарияланды. Ақпараттық мақалалар, жаңалықтар қазақ және орыс тілдерінде халықаралық  «Мир» телеарнасы, республикалық арналар «24 kz», «Хабар», «СТВ», «Еуразия», «31 арна», аймақтық телеарна «Жетісу» арнасында және «Огни Алатау», Matritca.kz, Nur.kz, «Ақсу өңірі», «Талдықорған», «Егемен Қазақстан», «Президент және халық», «Литер», «Жетісу» сияқты басылымдарда жарияланады. Сондай-ақ Jetysu Media мекемесі жастардың жеке шығармашылықтарын жан-жақты дамытуға да етене мән беріп келеді. Биыл «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «Жастар жылы» және тағы да басқа бағдарламалар аясында 47 іс-шара ұйымдастырылып, оған 81 спикер қатысты, — дейді Jetysu Media коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Жанна Арынбекова.

Мекеме «Алматы облысының жас журналистер одағы» үкіметтік емес ұйымымен бірлесе отырып, аймақтағы жас журналистердің белсенділігі мен дамуына бағытталған бірқатар іс-шара өткізген. Атап айтсақ, журналистер күніне орай Текеліде  «Шұғыла» шарасы, Көлсай, Қайыңды, Жасылкөл, Бұрхан-Бұлаққа блог турлар өткізілді. Бұған қоса, Алматы облысының 17 аудан,  3 қала әкімдері және барлық ауыл әкімдері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әлеуметтік желіде парақша ашып, халыққа барынша жақын болу қажет» делінген тапсырмасын орындау мақсатында Facebook, ВКонтакте, Telegram, Twitter, Instagram және тағы да басқа әлеуметтік желілерде 100% онлайн екенін көрсетіп отыр.

2019 жылы тұрғындардың әлеуметтік желілерге жолдаған хаттарына, шағымдарына, сұранысы мен ұсынысына және БАҚ беттеріндегі арыздарына 652-ге жуық ресми жауап қайтарылды.