Басты бетЖаңалықтарАИ-92 маркалы...

АИ-92 маркалы жанармай бағасының қымбаттауына үш себеп бар

Министр АИ-92 маркалы жанармай бағасының қымбаттауының үш себебін атады.

Біріншісі, Шымкент мұнай зауытының күрделі жөндеуден өтуі. Зауыт қараша айының 12-ші жұлдызында іске қосылуы керек. Сол кезде АИ-92 маркалы жанармай көбірек шығарылып, бағаның арзандауына әсер етеді.

Екіншісі, 20 күн бұрын Павлодардағы жанармай шығаратын мұнай өңдеу зауытында технологиялық бұзушылық орын алған. Қазір зауытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Зауыт екі-үш күннің ішінде іске қосылса, жоғары октанды жанармай қазіргіден төмен, өзінің бағасымен көбірек шығарылып, есесіне нарыққа да көбірек келетін болады. Сонда жанармай нарығындағы баға реттеледі», — деп түсіндірді Қанат Бозымбаев.

Үшіншіден, қазіргі кезде елімізге импорттық жанармай көптеп келіп жатыр. Ресейде жанармай бағасы Қазақстанға қарағанда қымбаттырақ болғандықтан, екі елдің жанармай бағасының нарықтағы үлестері құбылмалы болып тұр. Көптеп шығарыла бастаған жағдайда жанармай бағасы 10 күн шамасында қалпына келеді.

«Ал, дизель отынына қатысты айтсақ, оның бағасының төмендеуі байқалады. Атап айтқанда, жазғы дизель отынының бағасы түседі, өйткені қазір оған сұраныс азайып жатыр. Ал қысқы дизель отыны елімізде өндірілмейді, ол Ресейден келеді, сондықтан оның бағаларына ешқандай реттеу жоқ», — деп түйіндеді министр.