Коронавирустан қорғанудың бір тәсілі — үнемі бетперде тағып жүру. Дегенмен дәл қазіргі уақытта дәріханаларда бетперделер тапшы болып жатыр.
Арнайы отырысқа қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық кәсіпкерлік басқармасы, Тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Далатекс» тігін фабрикасы өкілдері мен жеке дәріхана иелері бір шешімге келді.
Онда қазіргі уақытта «Далатекс» тігін фабрикасында әзірленіп жатқан сегіз қабатты, бірнеше рет пайдалануға жарайтын жеке қорғаныш бетперделерін Қызылордадағы және аудандардағы дәріханаларға жеткізу қолға алынбақ.
Бүгіннен бастап барлық дәріханаға 3000 данасы жеткізіледі деп келісілді. Әрі қарай сұранысқа қарай 5000 данаға жеткізу жоспарланып отыр.
«Далатекс» тігін фабрикасы өкілінің мәлімдеуінше, келесі аптадан бастап арнайы қондырғының көмегімен бірреттік жеке қорғаныш бетперделері шығарылады.