Tengrinews.kz тілшісінің хабарлауынша, мұны Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.
Әрине, кей жағдайда азаматтар жасырынып, қай елден келгенін айтпайды. Өкінішке қарай, бізде жауапсыз азаматтар бар. Біз осы мәселені шешудің техникалық жағын қарастырып жатырмыз, — деді Елжан Біртанов.
Министрдің айтуынша, ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің бұл туралы арнайы жарлығы бар.
Карантиннен бас тартатын немесе қашып жүретін азаматтарға бұған әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын айтқым келеді. Ал ол адам ауырып қалса және ауруды басқаларға жұқтырса, заңда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, — деді Елжан Біртанов.
Айта кетейік, коронавирустың таралуы жөнінен 1А санатына жататын Қытай, Иран, Оңтүстік Корея мен Италиядан келген азаматтар Қазақстанда 14 күн карантинде болады. 1Б санатына жататын Франция, Германия және Испаниядан келген азаматтар өзін-өзі оқшаулап, 14 күн үй карантинінде болуы керек.

