Басты бетЖаңалықтарҮкімет Қазақстан...

Үкімет Қазақстан азаматтарына той өткізбеуге кеңес берді

Қазақстан азаматтарының бәріне үндеу жасаймын. Мұны кеңес деп қабылдауға болады. Мәдени шаралар, туған күн, үйлену тойы, мереке өте маңызды оқиға екені түсінікті, бірақ әр адам халықтың денсаулығы бәрінен де маңызды мәселе екенін ұғуы керек. Осындай ойын-той өткізуді ойлап отырған адамдар болса, ең әуелі жақсылап ойланып алған дұрыс, әсіресе бізде өте көп кісі шақырып, той өткізетіндер бар. Тойға қонақты мейлінше аз шақыру керек деп ойлаймын, тіпті біз ондай шараларды ұзақ уақытқа кейінге қалдыруға кеңес береміз, — деді Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Үкімет мүшесі Қазақстанда Наурыз мейрамын көп адам жиналып тойлауға тыйым салынатынын да айтты.

Наурыз — ежелден келе жатқан, ең маңызды, халқымыздың салт-дәстүріне енген мейрам ғой, бірақ адам өмірінің қауіпсіздігі — ең маңызды мәселе. Әр азаматқа «бас қоспа» деп айту қиын, халқымыз бұрыннан ауыл аралап жүрген. Бұл жолы мейрамда көп адам жиналатын шараларға тыйым салынады, бірақ адамдардың бір-бірін үйіне барып құттықтауына шектеу қойылмайды, дегенмен әр адам өз денсаулығын ойлауы керек. Туыстар бір-біріне барып, құттықтап жатса, қорқынышты ештеңе жоқ, бірақ біз 500-1000 адам жиналатындай шараларды өткізуге тыйым саламыз, — деді Премьер-министрдің орынбасары.