Команда бұл техниканы 2 айда жасап шығарған. Сайыс ережесі бойынша роботтар допты алысқа лақтыру, оны биіктегі нысанаға дәл салу және белтемірге тартылу сияқты бірнеше шартты орындай алуы қажет. Робот неғұрлым көп тапсырма орындаса, команданың ұпайы соғұрлым артады.

Біз роботты жарыс шартында көрсетілген барлық тапсырманы орындай алатындай етіп жасадық. Роботымыз қашықтықты да өлшейді, джойстиктегі түймені басқанда добы нысанаға дәл түседі, — дейді «Кернеу Robotics» мүшесі Арман Абакин.

Команда құрамында тоғыз адам бар. Мектеп оқушылары мен студенттер Алматы мен Қарағандыдан жиналған. Арманның айтуынша, әуелі роботтың үлгісі қағазда пайда болды, кейін компьютер программасымен сызбасы сызылды.

Мен көбіне роботтың құрылысымен айналыстым. Бақтияр Теміров роботты жүргізу функциясын жасады. Ержан Қабдықайыров роботқа код енгізіп, оны сынақтан өткізумен айналысты. Қыздар робот құрылысын, сонымен бірге логотип, дизайнын әзірледі, — дейді «Кернеу Robotics» командасының мүшесі.

"Кернеу Robotics" командасы. Фото: Нұрберген Алдаберген
«Кернеу Robotics» командасы. Фото: Нұрберген Алдаберген

Роботтың жалпы салмағы — 50 келі. Ол аллюминий, ағаш, пластик сияқты материалдардан жасалған. Өнертапқыштар керек жабдықтың кейбірін шетелден, кейбірін елдегі құрылыс дүкендерінен сатып алған.

Роботтың салмағы өте ауыр әрі ол жылдам қозғалады. Дұрыс басқармаса, бір жерге соғылып қалуы мүмкін, бірақ адам өміріне қауіпті емес. Тек роботты жасап жатқанда құралдарға қолымызды кесіп алған кезіміз болды, — дейді Арман Абакин.

Команда мүшелерінің айтуынша, робот жасаудағы ең қиыны — оның ұсақ бөліктерін жинау. Титімдей ғана бір бөлшек дұрыс орналастырылмаса, робот жұмыс істемей қалуы әбден мүмкін.

Роботтың моторын немесе дөңгелектерін дұрыс орналастыру кезінде өте тиянақты болу қажет. Себебі мұндай ұсақ-түйек жұмыста қателесу оңай, — дейді команда мүшесі.

"Кернеу Robotics" командасы. Фото: Нұрберген Алдаберген
«Кернеу Robotics» командасы. Фото: Нұрберген Алдаберген

Жас өнертапқыштардың халықаралық жарыстарға қатысып, білік шыңдауына Қазақстан мен Орталық Азиядағы робот техникасын дамыту бойынша жұмыс істейтін Ustem Robotics қоры қолдау көрсетеді. Нұрдәулет Досмағамбет — осы қордың негізін қалаушылардың бірі әрі «Кернеу Robotics» командасының жетекшісі. Оның айтуынша, команда мүшелері зеректігі мен ерекше қабілетіне қарай іріктелген, олар бұған дейін түрлі халықаралық жарысқа қатысқан.

Бұл оқушылардың осыған дейін де жасаған жеке жобалары бар. Мысалы, команда мүшесі Любовь Дудченко көшеде зағип адамдарға бағыт-бағдар көрсететін жоба жасаған. Ержан Қабдықайыров ұялы телефон мен компьютерге арналған түрлі ойын ойлап тапқан. Әрқайсының мақтауға тұрарлық жобалары бар, — дейді «Кернеу Robotics» командасының жетекшісі.

Нұрдәулет Досмағамбет. Фото: Нұрберген Алдаберген
Нұрдәулет Досмағамбет. Фото: Нұрберген Алдаберген

Нұрдәулет Досмағамбеттің айтуынша, кейінгі жылдары елімізде робот құрастыруға қызығатын балалардың саны артып келеді. Мысалы, Қазақстанда ұйымдастырылған KazRobotics жарысына қатысуға 2017 жылы 467 адам, 2019 жылы 4 600 адам өтініш білдірген.

Мұндай дарынды оқушыларға қолдау көрсетуіміз қажет. Технология күннен-күнге дамып жатыр. Ол Қазақстанға да келеді, сол себепті балалар бұл нәрсені де меңгеруі керек. Меніңше, болашақта қара жұмыстың барлығын роботтар істеп, адамдар шығармашылықпен айналысады, жаңа жұмыс түрлері пайда болады. Біздің ел балалары да сол нарықтан қалмауға тиіс, — дейді Нұрдәулет Досмағамбет.

Оқушылар Түркиядағы халықаралық сайыстан жүлделі орын алса, АҚШ-тың Детройт штатында болатын келесі турнирге барады. Сайыста жобасы үздік атанғандар АҚШ-тың 200-ден астам университетінде білім алуға грант немесе жеңілдік ала алады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!