Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 9 наурызда Үкімет пен Ұлттық банк мұнайдың әлемдік нарығындағы жағдай және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы бірлескен үндеу жасады. Сыртқы сектор тарапынан қауіп-қатер артып отырған жағдайда баға тұрақтылығын қолдауды қамтамасыз ету және теңгенің айырбас бағамын қорғау қажет. Сондықтан Ұлттық банк өз мандаты шеңберінде кезектен тыс отырыста осы жылдың 10 наурызынан бастап базалық мөлшерлемені +/- 1,5 процент дәлізімен 12%-ке дейін арттыруға шешім қабылдады, — деді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, базалық мөлшерлемені арттыру макроэкономика және қаржы тұрақтылығын сақтауға және сыртқы нарықтың ішкі нарыққа кері әсеріне дайын болуға жағдай жасайды. Ұлттық банк сыртқы экономикалық факторларға байланысты елдегі қаржы жағдайын реттеу үшін басқа да шараларды қолға алуға дайын.
Айта кетейік, базалық мөлшерлеме азаматтар үшін кредит белгілеуде шешуші роль атқарады және елдегі инфляция деңгейіне әсер етеді. Ол — экономика үшін, әсіресе банк секторы үшін бағдар. Базалық мөлшерлеме — ақша-кредит саясатының негізгі инструменті.
Еске салайық, мұнай экспорттаушы ірі елдер арасындағы мұнай өндіруді шектеу жөніндегі келіспеушілік қара алтынның әлемдік бағасының айтарлықтай төмендеуіне себеп болды. 9 наурызда Brent маркалы мұнай әлемдік нарықта 30%-тен астам төмендеп, баррелі 31-33 доллар көлемінде саудаланды.