Ақорда сайтының хабарлауынша, Біржан Нұрымбетов Президентке атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа тәртібін жүзеге асыру, көпбалалы отбасыларға табыс көлеміне қарамастан жәрдемақы беру, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, «Еңбек» бағдарламасын іске асыру, тұрмысы нашар және көпбалалы отбасыларға шағын кредит беру, жұмыс берушілердің ұсынысы бойынша білім гранттарын бөлу, жастардың жаңа жобаларын іске асыру және шетелден жұмыс күшін тарту мәселесі бойынша Бас прокуратурамен бірге жүргізілген тексеру қорытындысы туралы баяндады.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің мерекелерден кейінгі демалыс күндері жұмысқа шығуы Қазақстан заңнамасына қайшы емес екенін және Президенттің жуырдағы осы туралы тапсырмасы заңға өзгерту енгізуді талап етпейтінін айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы Еңбек кодексі мен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» заңына сай орындалады. Еңбек кодексі бойынша мемлекеттік қызметшілер жұмысқа өзінің жазбаша келісімімен шығады және олардың біркүндік жұмысының еңбекақысы кемінде 1,5 есе көлемінде төленеді. Мерекелерден кейін келетін демалыс күндері жұмысқа Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, орталық мемлекеттік органдар мен басқа да ведомстволардың кезек күттірмейтін және маңызды міндеттерге жауапты қызметкерлері тартылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Біржан Нұрымбетовке атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамтудың нақты шараларын қабылдауды, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың табысын арттыруды, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар ол шетелден жұмыс күшін тарту мәселесін ерекше бақылауда ұстау қажет екенін айтты.
Еске салайық, жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мерекелер демалыс күндеріне сай келгенде оны жұмыс күніне ауыстырмауды тапсырды.