Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.
3 наурыз күні әлеуметтік желілерде «Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген Қазақстан азаматынан COVID-19 вирусы анықталды» деген ақпарат тарады. Тараған ақпаратқа қарағанда Қазақстан азаматы клиникадан қашып кеткен және оны полиция іздестіріп жатыр. Осындай ақпарат «Хабар 24» телеарнасынан да берілді. Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі тиісті шара жүргізді, оның барысында бұл ақпарат расталмады, — деді Айбек Смадияров министрлікте өткен брифингіде.
Ресми өкілдің айтуынша, жергілікті полиция бұл азаматпен байланыс орнатқан.
Ол емханаға бармағанын, коронавирусты анықтау үшін анализ тапсырмағанын айтты. Полицияның мәліметінше, біздің азамат қоғамдық тамақтану орнына барған, ол жерде коронавирус жұқтырған адам болған. Енді бұл адамдардың бәрі коронавирусты анықтайтын тест тапсыруы керек. Біздің отандасымыз барлық процедурадан өтіп, жергілікті билікпен тығыз жұмыс істеуге дайын екенін айтты, — деді Айбек Смадияров.
Еске салайық, 3 наурыз күні «Хабар 24» телеарнасының Оңтүстік Кореядағы тілшісі Ансонг қаласының полиция қызметкеріне сілтеме жасап, «коронавирусты анықтайтын анализ нәтижесі оң болған Қазақстан азаматы жергілікті санитар дәрігерлерден қашып кетті» деп хабарлаған еді.