Өмір Шыныбекұлы, мұғалім:
Қазақ баласы кәсіптік-техникалық колледждерге не себепті барғысы келмейді? Жаңа жылдан бастап мектептерге қаладағы кәсіптік-техникалық колледж мамандары келіп, 9-класс оқушыларын өз оқу орындарына түсуге үгіттейді. Шәкірттерінің шама-шарқын білетін мектеп ұстаздары да оларға көмектесуге тырысады, бірақ қазақ кластарында оқитын оқушылардың ілуде біреуі ғана ондай колледжге түсуге ниет білдіреді. Балалардың ата-анасымен осы тұрғыда сөйлесейін десең, «СПТУ-ға» өз балаңды оқыт» деген сөзді естисің. Орыс кластарындағы жағдай мүлдем өзгеше, ондағы қызбалалар шаштараз, аспаз, ер балалар электрик, токарь, слесарь, дәнекерлеуші мамандықтарын таңдап жатады. Өмірден орнын ерте бастан табуға тырысып жатқан жасөспірімдерге қызығасың. Оның үстіне, газеттегі жарнама мен теледидардағы «жүгіртпе жолдарды» қарасаңыз, осы мамандық иелеріне сұраныс көп.
Елімізде жаңадан салынған үйдің қирап қала беру себебі не? Ол нысандардың құрылысын кім жүргізді? Басшы кім, орындаушы кім? Басшы — өзіміз қолдан өсірген жемқор, ал орындаушы — қолына кетпеннен басқа құрал ұстап көрмеген көрші елдің бұрынғы диқандары.
Тереңірек көз жүгірткен жанға бұл жемқорлықты ғана емес, бізде тіпті қарапайым тас қалаушы маман жоқ екенін де көрсетіп отыр. Себебі жастардың көбі табақтай дипломды құшақтап, «қалам ұшымен» күн көретін жұмыс іздеп, сенделіп жүр. «Бәрі бірдей тойшы болса, қойды кім бағады» деген сұрақ кезінде Төле бидің өзін толғандырған.
Мейіржан Темірбек, мұғалім:
Қазіргі кәсіптік-техникалық колледжерде материалдық база нашар. Теория ғана бар, практика жоқ. Кәсіптік бағытқа қарай оқытуды өз басым қолдаймын, бірақ колледждердің материалдық, техникалық базасын ойлау керек. Оны жақсартса, іс алға жүрер еді. Өйткені студенттер не қалай жасалатынын көруі керек. Іс-тәжірибеден өтуге зауыттарға барған күннің өзінде бала жараланып қалса, ешкім оған жауап бергісі келмейді. Кәсіпорындар студенттерден қашатын себебі — осы.
Кәсіптік-техникалық колледждерде материалдық-техникалық базасын жақсартса ғана, бізде кәсіби мамандар дайындалады деп ойлаймын.
Шахсанам Исмаилова, Алматы сән және дизайн колледжінің түлегі:
Колледж бізді өте жақсы оқытты. Жетекшіміздің арқасында қалада жақсы жерлерде іс-тәжірибеден өттік, оқуды бітірген соң сол компаниялардың бірі бізді жұмысқа алды. Қаладағы мейрамханаларда қандай тамақ жасалып, не пісірілетінін білу үшін бізді тамақтану мекемелеріне жіберетін. Мұны ұстаздарымыз «асханаларға экскурсия жасау» деп айтатын.
Ал өзімізді жетілдіру үшін театрларға, музейлерге және түрлі кітапханаға бардық. Ұстаздарымыз «Маман өз ісінің шебері ғана болып қоймай, әлемді, өзін тануы керек» деп айтатын. Өзімізді дамыту, өзімізді тануға қатысты ашық сабақтар өттік.
Оқуды 2019 жылы бітірдім. Колледжде AB Restaurans мейрамхана желісінде іс-тәжірибеден өткен едім. Қазір осы компанияның бір мейрамханасында цех аспазы болып істеймін. Оған қоса, Алматы технология университетінде технолог мамандығында оқып жатырмын.
Басқа колледждерді білмеймін, өзім оқыған оқу орны білім жүйесі бізге ұнады. Бізді жақсы оқытты, жақсы маман етіп шығарды. Мұны сол оқуды бітіргендіктен айтып тұрғаным жоқ, оқуға көңілім толғандықтан айтып тұрмын.