ҰҚК ителгіні шетелге заңсыз асырып келген топтардың ісін әшкереледі

Күдіктілер ұзақ уақыт бойы Қызыл кітапқа енгізілген ителгі құсын заңсыз аулаумен, кейін оларды Қазақстан-Өзбекстан және Қазақстан-Қырғызстан шекаралары арқылы Таяу Шығыс елдеріне контрабанда жолымен шығарып отырған.

Мамандардың есебі бойынша қылмыстық топтардың заңсыз әрекетінен мемлекетке келтірілген зиян бірнеше миллиард теңгеге бағаланып отыр, — деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

Ителгі контрабандасы
Фото: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

Күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының («Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу») 2 және 3-бөліктері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы мен Қазақстан құстарды қорғау одағы ителгіні 2020 жылдың құсы деп таныды. Браконьерлердің кесірінен бұл құс саны жыл сайын сиреп барады.