Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктері арасында экономикалық және мәдени ынтымақтастықты арттыру мақсатында жасалған меморандум аясында «Алатау» дәстүрлі өнер театры Талдықорғанға гастроль сапарымен келді. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Театр директоры Дәлел Уәшевтің айтуынша, «Алатау» — тәуелсіздік алғаннан кейін дәстүрлі өнерді насихаттауға үлес қосып келе жатқан бірден-бір шығармашылық ұжым.
Театр Алматының 1000 жылдығы, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында 2016 жылдың тамызында ашылды. Шығармашылық құрамда фольклор-этнография ансамблі, дәстүрлі әнші, актер, биші және ақындар бар. Алматы қаласы мен Алматы облысын бөліп қарауға болмайды, екеуі — егіз ұғым. Басшылық былтырғы мәдениет күндері аясында меморандумға қол қойған еді. Шығармашылық байланыс үшін Жетісуға келіп, репертуарымыздағы қойылымның бірқатарын ұсынамыз, — деді Дәлел Уәшев.
Театр ұжымы Талдықорған тұрғындарына «Мұқағалимен сырласу» поэтика кешін және Жамбыл жайлы «Жыр-жолбарыс» музыка спектаклін ұсынады. Сонымен бірге дәстүрлі әнші Алма Аманжолова, қылқобызшы Әдікей Қазыбек, «Мен қазақпын» жобасының финалисі Сәулежан Тақзия, «Алатау» фольклор-этнография ансамблінің жетекшісі Аслан Гумаров, белгілі әнші Әсет Есжанның қатысуымен гала-концерт өтеді.